2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийдегі қайғылы оқиға: Министрлік тірі қалған үшінші әскери қызметші туралы айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған үшінші әскери қызметші туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

аурухана, больница, медицина, дәрігер, врачи, операция
Фото: Александр Павский / Kazinform

Министрліктің редакция сауалына берген жауабында тірі қалған үшінші әскери қызметшінің Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Никита Удалов екені айтылған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, жағдайы жақсы, деп нақтылады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұған дейін тағы екі әскери қызметшінің аман қалғаны белгілі болған еді. Олар — Атырау облысының тұрғыны Бекет Қуандық және Маңғыстау облысының тұрғыны Ақжол Темірхан.

Оқиғадан кейін Ақжол Темірхан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Келесі күні есін жиып, жағдайы тұрақтанған.

Бекет Қуандық та дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Бұған дейін оның ата-анасы Бекет Қуандықтың ауруханаға жатқызылмағанын, өзін жақсы сезінетінін және өздігінен жүріп-тұра алатынын айтқан болатын.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды. Қаза тапқан батысқазақстандық сарбаздың туған жеріне оралуына санаулы күндер қалған еді. 

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.

Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.

Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.

Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.

Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.

Қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен жалтармайтынын айтты.

Сондай-ақ, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына жиналған қаражатты арнайы комиссия бөледі.