Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық сарбаздың туған жеріне оралуына санаулы күндер қалған еді
ОРАЛ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың бірі Өмірбек Өмірзақтың денесі Теректі ауданы Подстепный ауылындағы үйіне жеткізіліп, марқұмның отбасына жерлестері көңіл айтып жатыр.
Теңіз-әскери күштері бас қолбасшысының орынбасары Арман Сатқановтың мәлім еткеніндей, сарбаздардың әскери борышын өтеп бітіруіне сегіз күн қалған. Үйлеріне қайтуға билеттер алынып қойылған.
— Жауынгерлер әскери-теңіз базасы теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальоны құрамында жақсы қызмет етті. Бұған дейін екі жаттығу өткізілді. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша өткізілген қорытынды стратегиялық командалық-штабтық жаттығу еді. Жігіттер жағаға түсірілетіні жөнінде білді. Теңіз десантының жағаға түсірілуі эпизодтардың бірі болатын. Бәрі қалыпты еді. Бірақ түсіру кезінде толқын көтеріліп, оларды басып қалды. Қазіргі кезде мемлекеттік комиссия құрылып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаға қатысы барлардың бәрі жауап беріп жатыр. Министрлік тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына психологиялық, қаржылай көмек көрсетіліп жатыр, — деді А.Сатқанов.
Бөкей ордасы ауданында дүниеге келіп, Бәйтерек ауданында Володар орта мектебін бітірген Өмірбек Өмірзақтың әкесі Өмірболаттың айтуынша, ұлы өткен жылы 3 қазанда әскерге аттанған. Алдағы 5 қазанда қарсы алулары керек еді, соған жете алмай кетті. Өмірбек әскери борышын өтеп келгеннен кейін полиция қатарында қызмет етуді мақсат еткен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілерді аты-жөндері белгілі болғанын жазған едік.
Сондай-ақ Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық сарбаздардың денесі Оралға жеткізілді.
Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздың ұстазы шәкіртінің үлкен әулеттің үкілеген үміті болғанын айтты.