Каспийдегі навигациялық арнаны тазалау жобасы сынға қалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізіндегі навигациялық арналарды шөгіндіден тазартуға мүмкіндік беретін жобаны іске асыруға экологтер мен қоғам белсенділері қарсы шықты. Ал Атырау қаласы әкімінің орынбасары қоғамдық тыңдау өтті деп мәлімдеді.
Дамбы ауылдық округінде өткен жиынға экологтер, қоғам белсенділері, тұрғындар мен жобаға жауапты мамандар қатысып, тақырыпты жан-жақты талқылады. NCOC компаниясы жұмысты биыл бастауды көздеп отыр.
2021-2022 жылы су түбі тереңдетілгенімен бүгінде 1 млн 51 мың шаршы метр шөгіндіні шығару қажет. Өйткені теңіз деңгейінің төмендеуі кемелердің кен орнындағы аралдарға жетуіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
— Жоба барысында батпақтанудың орташа деңгейі 31 см деп болжанған. Бұл болжам 30-35 сантиметр батпақтану деңгейімен расталып отыр.2025 жылдың қараша айында жиналған шөгінді көлемі — 6 млн текше метр. Шөгінді біркелкі жиналмайды. Негізінен арналардың жанына жиналуда. 2025 жылдың батиметриялық деректеріне сүйене отырып, арнаның ең тайыз жерлері анықталды, — деді NCOC логистикалық ресурспен қамтамасыз ету тобының жетекшісі Марғұлан Демесінов.

Қоғамдық тыңдау кезінде компания өкілдері навигациялық арналарды тереңдету жобасының үш жолын ұсынды. Бірінші нұсқа бойынша әсер төмен бағаланды, себебі жұмыс қысқа мерзімде, кемелер аз аумақты пайдаланып және аз ғана техникамен жүргізіледі дейді экологтер.
Мамандардың сөзінше, тереңдету лай фрезерлі жерснарядтар арқылы шығарылады. Кейін оны навигациялық жолдан 500 метр қашыққа төкпек. Шөгінді тазартылған жерді қайта баспас үшін оны осы уақытқа дейін төгілген үйінділерден де әрірек навигациялық жолдың қарама-қарсы бетіне тастайды. Үйіндіні шахмат тәртібімен және 500 метр қашыққа төгудің экологиялық әрі техникалық-экономикалық негізі бар.
Тыңдау кезінде эколог Галина Чернова компания айтқан деректігін дұрыстығына әлі күмәні бар екенін жасырмай, қоғамдық тыңдауды «өтпеді» деп тануды сұрады.
— Бастапқыда интернет-ресурстарда жарияланған жобада қате ақпарат берілгеніне байланысты, сондай-ақ қоғамдық тыңдау барысында айтылған мәліметтің алдын ала өзгертілгені жөнінде хабардар болмағанымызды ескере отырып, бұл тыңдауды өтті деп танымауды және оның мерзімін кейінге шегеруді ұсынамын. Жобаға енгізілген барлық ақпарат, соның ішінде 2022–2024 жылдарға қатысты батиметриялық деректер көрсетілгенімен 2025 жыл мүлде аталмаған. Бұдан бөлек, қалдықтар мәселесі, балық ресурстарына келетін залалды есептеу әдістемесі және басқа да дерек толықтай қайта қарауды қажет етеді. Әр бетті мұқият тексеру керек, өйткені нақтыланбаған және ескірген мәлімет бар. Ескі деректер пайдаланылған, — деді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина Чернова.

NCOC компаниясының өкілдері қоғамдық тыңдауда айтылған мәлімет экопорталға жүктелді деп отыр. Белсенділердің сөзінше, жұмыс тобына ашықтықты қамтамасыз етіп, жағдайды көзбен көру үшін экожанашырларды қосу керек. Компания өкілдері ЖОО кәсіби ғалымдарын қатарға қосуға дайын екенін жеткізді.
— Біз қазылған топырақты құрлықтағы арнайы жер теліміне шығару керек деген пікірдеміз. Немесе кеңес одағы кезіндегідей шыққан лайды теңіздің терең бөлігіне төгуді ұсынамыз. Өйткені бұл топырақ қайтадан жиналып, оны қайта қазып, лайландырады. Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға зиян келтіреді. Қоғамдық тыңдау өтті деп есептемейміз, себебі қоғамның пікірі ескерілмеді. Топырақты шығарудың үш нұсқасы ұсынылды. Біз екінші немесе үшінші нұсқаны қолдаймыз. Топырақты су айдынында қалдыруға қарсымыз, — деді «Су айдыны» қоғамдық қорының басшысы Ақлима Абдулова.

Жобаның флора мен фаунаға әсерін, яғни жалпы экологияға әсерін зерделеген «Экоэксперт» ұйымының экологтері, планктонды организмдерге судың лайлылығының артуы, сондай-ақ кемелердің қозғалтқышын салқындату және пульпа дайындау үшін судың алынуы әсер етпей қоймайтынын ашық айтты.
— Лайлылықтың жоғарылауы фитопланктондағы фотосинтез процесінің бұзылуына, ал зоопланктонның қоректену және тіршілік қызметіне жауапты мүшелерін зақымдауы мүмкін. Алайда Каспий теңізінде тіршілік ететін организмдер қалқымалы бөлшектердің жоғары мөлшеріне бейімделген. Осыған байланысты аталған қызмет түрлері планктонды организмдерге елеулі әсер етпейді. Планктонға түсетін әсерді азайту мақсатында «кукинг-под» технологияларын қолдану, тұрақты мониторингтік бақылау жүргізу қарастырылған. Жүргізілетін іс- шара нәтижесінде планктонды организмдердің қалпына келуіне екі жылдай уақыт кетеді деп болжанып отыр, — деді «Экоэксперт» ұйымының өкілі Ұлпан Есқараева.

Қоғамдық тыңдауға төрелік еткен Атырау қаласы әкімінің орынбасары қоғам белсенділерінің «деректер қате» деген пікіріне негіз келтірмегенін айтып, тыңдау өтті деп мәлімдеді.
— Қоғамдық тыңдау өтті деп санаймын. Қоғамдық тыңдау өткізу ережесіне сәйкес хаттамаға жазбаша түрде берілген немесе айтылған жұртшылықтың, мүдделі тараптардың және мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстары енгізілсін, — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов.
Осыған дейін 2022 жылы қазылған навигациялық арналардың түбін шөгінділерден тазарту жөніндегі жобаны дөңгелек үстелде талқылаған, сол қоғам белсенділері мәселені шешудің балама жолын тауып, іске кірісу керектігі туралы ұсыныс айтқанын жазған едік.