Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конвенцияда әлі де талқыланатын мәселелер бар - ҚР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конвенцияда әлі де талқыланатын мәселелер баршылық. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің «Каспий бестігі» мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуі барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлім етті.
None
None

Еске салайық,  Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қа тысу үшін келген Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяровты, Иран Ислам Республикасының  Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифты, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты және Түркіменстан Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары,  Сыртқы істер министрі Рашид Мередовты ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов қабылдаған болатын.

 Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Е. Ыдырысов кездесу барысында осы аптаны «Каспий» аптасы деп атауға болатынын жеткізіп, дүйсенбіден бері Каспий теңізіне қатысты арнайы жұмыс топтары мен сыртқы істер министрліктерінің өкілдері дамылсыз жұмыс атқарғанын жеткізді. Оның айтуынша, Каспий мәртебесіне қатысты әлі де жұмысты талап ететін белгілі бір мәселелердің болуына қарамастан, барлық делегация сындарлы келісімге бағытталған рухта жұмыстар атқарды.

«Келіссөз бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін айта кеткім келеді. Біз бәріміз де Каспий маңы елдерінің Бесінші саммитінде Мемлекет басшылары деңгейінде қаралуы тиіс  Конвенция жобасын әзірлеп бітіруді негізгі міндет деп санаймыз. Ол саммит Қазақстанда өтетіні жоспарланған. Десе де, әлі де белгілі бір мәселелер бар, талқылауды қажет ететін. Сондықтан да, ортақ шешімге келе аламыз деп ойлаймын. Мәселелер қарапайым емес, сондықтан да, біз өзара бір бірімізге көмектесіп, уағдаласқан режимде жүреміз деп сенемін. Өзімізге жүктелген саяси міндетті түсінеміз, сол үшін де біздің кездесулер аясында бәрін бітіруге тырысамыз. Алайда, саммитті өткізуге дейін қосымша тағы бір кездесу талап етілетін секілді», - деді Сыртқы істер министрі.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен «Каспий бестігі» мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтуде. Онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасы, Каспийдегі ынтымақтастықтың жеке бағыттары бойынша жұмыстың барысы, сондай-ақ өтуі Қазақстан Республикасында жоспарланған Бесінші Каспий саммитінің дайындығына байланысты мәселелер талқыланды.

Соңғы жаңалықтар