Кәсіпкерлер бір жылда 7,3 трлн теңге салық төледі — Гауһар Бөрібаева
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы шағын және орта бизнес кредитінің әрбір үшіншісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасында қонақ болған аталған қордың басқарма төрағасы Гауһар Бөрібаева айтты.

— Біз өз жұмысымызды бағалап, әлеуметтік-экономикалық әсер арқылы мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін байқап отырмыз. Бүгінде қор 13,5 трлн кредиттік портфелі бар шамамен 220 мың жобаға қолдау көрсетті. Бизнес субъектілері төлеген салықтың мөлшері 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7,3 трлн теңгені құрады. 2024 жылдың көрсеткіші әлі дайын емес. Жыл сайынғы салықтардың орташа төлемі 1,5-тен 2 трлн теңгеге дейін жетеді. Шамамен 200 мың жұмыс орны құрылып, 1,2 млн-ға жуық жұмыс орнын сақтай алды, — деді Гауһар Бөрібаева.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдаудың аясында кәсіпкерлеріміз өндіретін өнімнің де үлкен мәні бар екендігін айтады. Бүгінде ол шамамен 130 трлн теңгені құрайды.
— Егер 2024 жылдың 1 қазанындағы деректерді алар болсақ, Қазақстан бойынша шағын және орта бизнестің кредиттік портфелінің соммасы 8,4 трлн теңге болса, тек «Даму» қоры арқылы ғана мемлекеттік қолдау шараларымен қамту 30 пайызға жетеді. Бұл — 2,3 трлн теңге. Қазақстандағы шағын және орта бизнес кредитінің әрбір үшіншісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған, — деді ол.
Бұған дейін «Даму» қоры трансформацияланатыны туралы хабарлаған едік.