Кәсіпкерлер импорт тауарлардың құнын қолдан төмендетіп салықтан жалтарған — комитет
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде кәсіпкерлердің импорт тауарлардың құнын қолдан төмендету арқылы салық төлеуден жалтару фактілері анықталды. Бұл туралы ЕАЭО шеңберінде қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасының басшысы Аслан Тобықбаев мәлім етті.

— Өздеріңіз білесіздер, еліміз Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі, оның аясында тауарлар кедендік және өзге де бақылау жоқ, яғни еркін айналымда. Алайда, мұндай кедергісіз сауда режимі кейбір адал емес кәсіпкерлердің түрлі салықтан жалтару, соның ішінде импорт тауарлардың құнын төмендетуді қолдануына әкеліп отыр, — деді Аслан Тобықбаев Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде онлайн өткен брифингте.
Оның айтуынша, құжатта нақты нарық құннан әлдеқайда төмен баға көрсетілетін жағдай жиі кездеседі.
— Мәселен, кең ауқымды тауарлар бойынша импорт бағасының шын мәнінде бар құнынан әлдеқайда төмен көрсетілген көптеген факті анықталды. Мысалы, бір киімді 50-60 теңгеден, аяқ киімді 150-160 теңгеден, ал апельсиннің келісін 50-60 теңгеден көрсеткен жағдай болды. Мұндай бағалар нақты құнға сәйкес келмейді. Ешкім оларды тұтынушыға мұндай бағада сатпайды да, — деді ол.
Бұған дейін ЕАЭО аясында таңбалау жүйесін енгізу арқылы көлеңкелі экономикамен күрес шарасы туралы хабарлаған едік.