Кәсіпқой бокс: Әли Ахмедов WBC титулынан айырылды

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов (23-1,17КО) Астанада өткен кезекті жекпе-жегінде жеңіліс тапты.

Әли Ахмедов
Фото: instagram.com/ali_akhmedov_officialpage/

Қазақстандық боксшы All Stars Boxing промоутерлік компаниясы өткізген бокс кешінің басты айқасында польшалық боксшы Мацей Сулецкимен (32-3,12КО) жұдырықтасты.

Бірінші раунд бастала сала, қазақстандық боксшы қарсыластың джеп соққысын өткізіп, нокдаун алып қалды. Осы орайлы сәтті пайдаланған қарсыласы шабуылды жеделдетіп, Әли бірінші раундта тағы бір рет нокдаун алды.

Алайда, қазақстандық боксшы тез есін жиып, бірінші нөмірде жұдырықтаса бастады.

Жетінші раундта, қазақстандық боксшы жақсы соққылар жасай білді. Раунд соңында, ол қарсыластың тағы бір ауыр соққысын өткізіп алып, төреші есеп ашты.

Соңғы оныншы раундта Әли Ахмедов қарсыласқа лайықты қарсылық таныта алмады. Кезекті нокдауннан кейін қазақстандық боксшының бапкері жекпе-жекті ары қарай жалғастырудан бас тартты.

Осылайша, Әли Ахмедов кәсіпқой мансабында екінші рет жеңіліп, WBC Silver титулынан айырылды.

Әли Ахмедов соңғы жекпе-жегін 17 қаңтар күні АҚШ-та өткізіп, америкалық боксшы Малколм Джонсты екінші раундта жеңген болатын.

Осыған дейін Әли Ахмедовтың Астанада WBC Silver титулы үшін жұдырықтасатыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар