Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың келесі қарсыласы кім болуы мүмкін

Өзбекстан астанасында өткен кәсіпқой бокс кешінен соң қазақстандық былғары қолғап шебері Мейірім Нұрсұлтанов келесі жекпе-жекті кіммен өткізуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

бокс
Фото: Әлихан Асқар/ Kazinform

Кеше Ташкенттегі Humo Arena-да ауқымды кәсіпқой бокс кеші өтті. Онда отандасымыз Чили өкілі Хулио Аламоспен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Бұл Мейірім Нұрсұлтановтың кәсіпқой мансабындағы жиырмасыншы жекпе-жегі. Айта кетейік, ол осы кезге дейінгі кездесулердің барлығын жеңіспен аяқтады.

бокс
Фото: Әлихан Асқар/ Kazinform

«Жекпе-жекке аз уақыт қалғанда қарсылас өзгерді. Тиісінше, кездесу қиын болды. Менде дайындықтың барлығы неміс боксшысына болды. Қиындықтардың болғаны жекпе-жекте де көрінді. Қарсыласты зерттеу үшін уақыт аз болды. Өзім шаршы алаңға нокаутқа түсіремін деп шықпаймын. Ол бір ұтымды сәт. Дегенмен бұл кездесуде оның орайы болмады», - деді Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген М.Нұрсұлтанов. 

 

Ол сондай-ақ келесі жекпе-жекті қандай боксшыға қарсы өткізуі мүмкін екенін айтты.

«Біраз демалып, кейін дайындықты бастаймыз. Джермалл Чарло мен Карлос Адаместің қайсысы келесі жекпе-жекке шығатынын күтеміз. Мен қазір орта салмақта WBC белбеуіне міндетті қарсылас болып тұрмын. Барлығын уақыт көрсетеді, біз дайынбыз», - деп түйіндеді қазақстандық кәсіпқой боксшы. 

Айта кетсек, қазір WBC тұжырымдамасында орта салмақ бойынша чемпиондық атақ америкалық былғары қолғап шебері Джермелл Чарлоның еншісінде. 

Бокс
Фото: Әлихан Асқар/ Kazinform
Соңғы жаңалықтар