Кәсіпорындар отандық металды әлемдік бағадан 5% арзанға ала алады

АСТАНА. KAZINFORM – Отандық кәсіпорындар елімізде өндірілген бірқатар металды әлемдік бағадан арзанға сатып ала алады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Төребек айтты. 

металл
Фото: Үкімет

– Мемлекет басшысының Жолдауында қойған стратегиялық міндеттердің бірі – отандық өңдеу өнеркәсіптерін дамыту, оларды отандық шикізатпен қамтамасыз ету. 2021 жылы ішкі тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңы қабылданды. 2024 жылы осы заңға толықтыру енгізілді. Осы Заңның негізінде отандық кәсіпорындар шикізатты лондондық металл биржасы бағасынан 5% төмендетіп алады, - деді ол ОКҚ алаңында. 

Оның айтуынша, жаңа заң нормасы қабылданған соң алюминийді ішкі өңдеу 2 есе артқан. Сондай-ақ 2029 жылға қарай алюминийді қайта өңдеуді 163 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. 

Сондай-ақ спикер отандың өңдеушілерге қорғасынның тоннасы лондондық металл биржасынан 40 долларға дейін төмен берілетінін атап өтті. 

Еске сала кетсек, 2024 жылы Қазақстанның шикізаттық емес өнімдері арасында экспорттың ең жоғары өсімін металлургия саласы көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар