Кассациялық сот оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлегендердің үкімін өзгеріссіз қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімін және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысын заңды әрі негізді деп тапты.
— Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерімен келіседі. Істің мән-жайлары толық және дұрыс анықталған, кінә жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ сот сараптамаларының қорытындыларымен расталған, — делінген Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың хабарламасында.
Сонымен қатар сотталғандарға тағайындалған жаза қылмыстық заң баптарының санкциясы шегінде белгіленген және құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына, жеке бастарына, істің мән-жайларына сай екені атап өтілген.
Еске салсақ, 2024 жылдың ақпанынан бастап үйіне келмей кеткен 16 жастағы қыздың оқиғасы қоғамды дүрліктірді. Отбасының жалғыз баласы болған қызды сыныптастары мен басқа да адамдар жезөкшелікке мәжбүрлеп, ұзақ уақыт құлдықта ұстағаны анықталған.
Ата-анасы полицияға бірнеше рет хабарласқанымен, құзырлы орган қызды іздеудің орнына «ата-ана құқығынан айырамыз» деп қорқытқан. Амалы таусылған ата-ана қызын өздері іздеген. Қыз бірде «кафеде даяшымын», бірде «гүл сатамын» деп алдаған. Ата-анасы барған жерде қыз болмай шыққан. Кейін белгілі болғандай, оны ұстаушылар ата-анасының шу шығармауы үшін осылай істеткен.
Сонымен қатар ҚР ІІМ Тергеу департаменті іс Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі (кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту) бойынша тергеліп жатқанын растаған еді.
Оқиға салдарынан Қызылордадағы № 7 мектеп-лицейдің директоры, тәрбие жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі және екі сынып жетекшісі қызметінен босатылды.
Жақында Қызылордада 16 жастағы қызды сексуалдық құлдықта ұстаған 9 сотталушы кассациялық сотқа шағымданғанын жазғанбыз.
Бұдан бұрын Қызылорда қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты 9 адамға үкім шығарды.