Қасым хан мен Ахмет Яссауи туралы фильм керек - С. Елубай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, қазақ халқының ұлттық рухын көтеру үшін Қасым хан мен Қожа Ахмет Яссауи туралы фильм түсіру қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда Достық үйінде зиялы қауым өкілдерінің ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесуі барысында белгілі жазушы Смағұл Елубай мәлім етті.
None
None

«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған телехикая түсіріліп жатыр. Көп ұзамай жұртшылық назарына ұсынылады. Ұлы дала тарихына лайықты материал болып келе жатыр. Бұл да болса дағдарыс кезінде үлкен абырой. Телехикая 10 сериядан тұрады. Бірақ, Қасым ханның тарихы жайында оған тағы 10 серия қосу керек деп ойлаймын. Өйткені, Қасым хан - Жошыдан кейінгі әлемдегі ең үлкен аймақты билеген император. Ол жауға қарсы 300 мыңға жуық әскер шығара алатын ұлы хан болған. Сондықтан, оны ұмыту күнә болар еді. Қазақстанның қазіргі аумағы дәл осы Қасым ханның тұсында қалыптасқан болатын», - деді жазушы.

Сонымен қатар ол, бүкіл түркі жұртына имандылық нұрын шашқан ұлы діни қайраткер, пәлсапашы, ақын Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи жайлы да фильм түсіру керектігін айтты.

«Қожа Ахмет Яссауи уағыздарын оқыған кезде оның алдында тек мұсылмандар ғана емес, христиандар да, заратуштра ілімін ұстанушылар да болған. Олар да Яссауиді өздерінің ұстазы санаған. Яссауи туралы күні бүгінге дейін кино түсірілмегені - түсініксіз жағдай. Егер біз ертерек қимылдамсақ, ол басқа елдің оң жамбасына түсіп кетуі ықтимал. Өйткені, Яссауи - бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Сондықтан, ол туралы фильм түсірсек, бұл тек түркі әлемін ғана емес, бүкіл әлемді елең еткізер еді», - деді С. Елубай.

Соңғы жаңалықтар