Қасым-Жомарт Тоқаев: Бәріміздің мақсатымыз – бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту
«Қазақ жері екі күннен бері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орнына айналды. Дүниежүзіндегі беделді дін басылар бір шаңырақтың астында жиналды. Сіздер барша адамзаттың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыру үшін әлемнің әр түкпірінен келіп отырсыздар. Осының өзі дінаралық келісім мен ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Шын мәнінде бәріміздің мақсатымыз бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылғанын атап өтті.
«Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Мен алқалы жиынға арнайы келген әлемдік деңгейдегі рухани көш басшыларға зор алғыс айтамын. Сондай-ақ біздің бастамамызға қолдау көрсеткен саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін»,-деді Президент.