Қасым-Жомарт Тоқаев Діндер басшыларының ІІІ съезіне қатысқан делегациялардың басшыларымен кездесті

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында өркениеттер үнқатысуын елдер ынтымақтастығының өзара түсіністігін жаңа сапалық тұрғыдағы сатыға көтерген жиын өткізудің зор ерекшелігі мен жоғары деңгейі аталып өтілді. Съезге қатысушылар мен меймандар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан және дәстүрге айналған осы көпконфессиялық институт халықаралық тұрғыда кеңінен танылғанын, дінаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерінде лайықты орын алатынын және жер жүзіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы Қазақстанның маңызды үлесі болып табылады.
Біріккен Араб Әмірліктері Президентінің діни және құқықтық істер жөніндегі кеңесшісі Сейд али-Хашимимен кездесу барысында дінаралық әріптестікті нығайту, қазіргі заманғы өркениеттің құндылықтарын сақтау және бекемдеу мақсатында конфессияаралық үнқатысуды одан әрі дамыту қажеттігі жайында әңгіме болды.
Тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын, оған осы Съез жұмысына БАӘ делегациясының белсенді түрде қатысып отырғаны дәлел екенін атап өтті. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы жиындармен салыстырғанда Әлем және дәстүрлі діндер басшыларының Үшінші съезінің ерекшелігін, ондағы күн тәртібінде қазіргі заманның өзекті мәселелерін кеңінен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Иран Ислам Республикасының Мәдениет және ислам байланыстары жөніндегі ұйымның президенті Сейед Мехди Мустафавимен әңгіме барысында адамдардың бейбіт және лайықты өмірі жолындағы түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы және бірлігі идеясын іске асыру қажеттігі туралы айтылды.
Қазақстан-Иран қарым-қатынастарының табысты дамуына қанағаттанғандық білдіре отырып, тараптар Иран Президенті М.Ахмадинежадтың таяуда Астанаға келген сапары екі елдің түрлі салалардағы көпқырлы ынтымақтастығына ортақ ұмтылысын байқатқанын атап өтті. Сонымен бірге Қазақстан Сенатының Төрағасы Иранның аймақтық және халықаралық саясатты қалыптастырудағы маңызды рөлін және екі елдің бірқатар геосаяси мәселелер жөніндегі бағыттарының ұқсастығын атап өтті.
Куәйт Мемлекетінің Ислам және уақыптар істері жөніндегі мемлекеттік министрінің бірінші орынбасары Әділ әл-Фаллахпен кездесу барысында дінаралық үйлесімділікті жетілдірудің, бір-біріне өзара сыйластық, басқа халықтардың дәстүрлерінен өнеге ала білудің өзекті мәселелері қозғалды. Ол қазіргі кезде Қазақстан әлемге шынайы қоғамдық және дінаралық келісім мен біртұтастыққа қол жеткізген ел ретінде көрінгенін атап өтті.
Түркияның бас мүфтиі, Дін істері жөніндегі басқарманың төрағасы Али Бардакоглумен кездесу барысында зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі, оның жалпы адамзаттық тұрғыдағы рухани құндылықтары туралы сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрік делегациясының Съез жұмысына үлесін жоғары бағалады. Бүгінде жер жүзіндегі барлық адамзаттың бейбіт өмірін, әлем қоғамдастығының үйлесімділігін, тұрақтылығын және біртұтастығын қамтамасыз ететін түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің үнқатысуын дамыту қажет. Дегенмен, Сенат Төрағасы оған қоса күмәнді саяси мақсаттарды ақтау үшін дінді пайдалануды болдырмаудың ерекше маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкстан Ислам Республикасы Ислам идеологиясы кеңесінің Төрағасы Мұхаммад Халид Масуд және Исламабад қаласының Халықаралық ислам университетінің Президенті Анвар Сиддикимен кездесу барысында мұсылмандар, христиандар, басқа да көптеген конфессиялар арасындағы үнқатысу халықаралық қауіпсіздік мәселелерін терең түсінуге әкелуі тиіс екені әңгіме арқауына айналды. Егемен Қазақстанда бұл үнқатысуды мемлекет және діни басшылар ұдайы қолдап келеді. Ел басшылығының назары барлық азаматтардың толық тең құқықтығына кепілдікті қамтамасыз етуге, елдегі ұлтаралық және этникааралық келісімді нығайтуға бағытталып отыр,-деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Қ.Тоқаев пен АҚШ-тың Америка христан шіркеулері одағының Президенті Леонид Кишковскиймен кездесуі барысында Әлем және дәстүрлі діндер басшыларының Съезін өткізу жөніндегі қазақстандық бастама халықаралық үнқатысуды мақсат еткен халықаралық шаралар жүйесінде лайықты орын алатыны аталып өтілді. Ол Астанада өтіп жатқан жиынға жоғары баға бере отырып, онда діни басшылар ғана емес, әлем қоғамдастығының көптеген елдерінен ықпалды қайраткерлер бір үстелде бас қосуымен ерекшеленгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Съез жұмысына белсенді қатысқаны үшін АҚШ делегациясына алғыс айтып, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге сенім білдірді.