Қасымбектiң қас қағым сәттерi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасымбек Нұрбековтiң сурет салуға қызығушылығы бала жаста басталыпты. Соғыс жылдары Алғабас (қазiргi Бәйдiбек) ауданының Қызыларық ауылында қайсыбiр жөнi түзу мектеп болған дейсiз. Қыс түсе, жағатын отын болмағандықтан, төбесiне қамыс төселген жадау тамның есiгi жабылып қалатын. Шағын ауылдың бастауыш сынып оқушылары Әбдiнәби мұғалiмнiң үйiнде дастарқан басында қуырылған жүгерiнi жеп отырып оқуға кiрiседi екен, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.
None
None

Мұғалiм қоңыраусыз, тақтасыз-ақ төрт бiрдей сыныптың оқушыларына жеке-жеке тапсырма берiп, сабақты қатар өткiзiп, сауатын ашып жататын. Осындай жағдайдың өзiнде шәкiрттердiң оқуға ықыласы зор едi. Майдан даласынан ара-тұра қаралы хабар келетiнiне қарамастан, Әбдiнәби мұғалiмнiң сабағы үзiлген емес.

Бiр қызығы, бала Қасымбек қай сабақта болсын, тек сурет салып отырады. Шәкiртiнiң қабiлетiн таныған мұғалiм бiр жолы: «Суретiңдi менiң көзiмше салшы» деген. Сол сәтте-ақ оқыранып тұрған арғымақты құйрығынан бастап бейнелеп, ұстазын тәнтi еткен. Бейнелеу өнерiне ерекше ықыласын таныған ұстазы аудан орталығы Шаянға жолы түскенде түрлi-түстi қарындаш әкеп берiп, төбесiн көкке жеткiзгенi әлi есiнде. Алты түстi қарындаштың құдiретiмен қиялындағы көркем дүниелердi өз бояуымен көркемдеп, әй бiр масайрағанын көрсеңiз! 1944 жылы майданнан жараланып оралған әкесi ауылдағы дүкенде сатушы болып iстедi. Ұлының сурет салуға ықыласын аңғарып, он екi түстi қарындаш сыйлағандағы қуанышы тiптi ерен едi-ау. Бала қиялына қанат бiтiрген өмiрiндегi осы бiр елеулi оқиғалар, сiрә естен шығар ма, шiркiн?!.

Онжылдықты бiтiрген соң Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь (қазiргi Ә.Қастеев атындағы өнер институты) атындағы көркемөнер училищесiне оқуға түстi. Ара-тұра салған суреттерi республикалық жастар газетiнде жарық көрiп тұратын. Оқуын бiтiрiсiмен газет редакторы Шерхан Мұртаза «Лениншiл жасқа» («Жас Алаш») көркемдеушi-суретшi етiп жұмысқа қабылдайды. Сол жылдары жастар газетiнде жарияланған әңгiме, өлең, очерк, новелла секiлдi әдеби дүниелер Қасымбек ағаның өрнектеген суреттерi арқылы мазмұны байып, көркемдiгi артып, көрген көздi «көгендеп» тастайтын. Үш жыл республикалық газетте қызмет iстеген суретшiнi сол тұста облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң басшылығы аттай қалап, жұмысқа шақырады. 1966 жылдың наурызында облыстық газетке қызметке қабылданған Қ.Нұрбеков содан 33 жыл бойы табан аудармай осы басылымда еңбек еттi. Осынау жылдар iшiнде қылқалам шеберi бойындағы күш-жiгерi мен қарым-қабiлетiн шығармашылыққа бағыттап, бейнелеу өнерi мен қазақ фотожурналистикасына қолтаңбасын қалдырды. «Оңтүстiкте» жарияланған әңгiме, өлең секiлдi әдеби дүниелер Қасымбек ағаның ұшқыр қиялы арқылы көркем кейiптелiп, мән-мазмұны мен сапасы сараланып, тiптi тақырыбының өзi қылқалам шеберiнiң әсем бедерлеуiмен өрнектелгендiктен, оқырманның назарын басқаға аудартпай, ерiксiз өзiне «тұсап» тастайтын.

 - Ақын Омарбай аға Малқаров әр жолы жаңа өлеңдерiн жазған соң алдымен маған хабарласады. «Әй, найсап (жақсы көргенде айтатын сөзi), мен жаңа өлең жаздым. Оның идеясы мен мазмұны мынадай. Сен келiстiрiп тұрып соның суретiн сал» деп тапсырма бередi. Содан өлеңдерiн «Оңтүстiктiң» редакторы Әмiрсейiт ағаға апарады. Әлиев жеделдете менi шақырып алып, өлеңдердi көркемдеудi тапсырып жатқанда «Бұл суреттердi осыдан екi күн бұрын салып қойғанмын» деймiн. «Ә-ә, солай ма?» деген Әмiрсейiт аға аң-таң болатын, - деп өткен күндерiн сағына еске алады кейiпкерiмiз.

Қазiргi компьютерлендiрiлген басылымдардан Қасымбек ағаның тушьпен көркемделген сол бiр өрнектерiн көре алмай, сағынады екенсiз.

Әр суретшiнiң лабораториясында портреттiк қолтаңбасы болады десек, бұл жағынан Қасымбек Нұрбеков рухани бай адам деп айта аламыз. Өйткенi, ол қазақ халқының маңдайына бiткен ән жұлдызы Шәмшi Қалдаяқовтан бастап өнер адамдарының, ақын-жазушылардың, еңбек ерлерiнiң ғажайып галереясын жасай алды. Суретшiнiң әрбiр туындысы «сөйлейдi», тереңiрек үңiлсеңiз бар сырын алдыңызға жайып салады. Мәселен, композитор Шәмшiнi бейнелеген туындысын портретке де, этюдке де жатқыза алмадық. Әйтсе де шығармадағы жеке мазмұндағы дүниелер тұтаса, бiр-бiрiн толықтыра келе галактиканы құраған планеталар секiлдi «Шәмшi әлемiн» байытып, көрерменнiң көзiн арбаған туындыға айналған. Күзгi аспанда қайтып бара жатқан құстар әнiне ұйи түсiп, мүлгiген қос киiз үй. Айдын көлде тербетiлген махаббат қайығы. Бақыт құшағында балқыған қос ғашық. Кешкi тұнық ауада асауға құрық салмақ болған жылқышылар. Кең даланы дүбiрге бөлеген құлынды бие. Табиғат аясында пейзаж салуға кiрiскен суретшi. Барлық әлем әсем әуен аясында тербелiп тұрғандай әсер қалдырады. Жекелеген мазмұнды көрiнiстердiң жалпы фонында көкiрегiне ән құйылып, тебiренiске түскен композитор Қалдаяқовтың портретi қандай ғажап десеңiзшi!

Туындыгердiң iлкiмдi жұмыстарынан Нұрбековтiң iшкi жан дүниесiне үңiлiп әуре болмайсыз. Өйткенi, оның әрбiр туындысы сонадайдан менмұндалап, дараланып, көрермендi өзi-ақ тұңғиығына тартып әкетедi. Өнердiң тiлiн түсiнiп, бағалайтын адам iлкi сәттен-ақ оның әлемiн аралап кете барады. «Ақын Мұхтар Шаханов», «Шәмшi» картиналары - Қасымбек ағаның өнерден өз еншiсiн алуға тиiс талант екенiн айғақтайтын дүниелер. Туындыдан Мұхтар ақынның өз әлемiне сыймай буырқанған жан дүниесi мен ғасырларды бiр-бiрiне тоғыстырған шығармаларының шындығын танығандай әсер аласыз. Ал, мәңгiлiк махаббат жыршысына айналған Шәмшiнiң әсем әндерiнiң әуенiне тербетiлген қыраттағы, қайықтағы, жағалаудағы ғашықтар сағым-уақытты аттап өтiп, табиғат-анамен тұтасып кеткендей. Суретшiнiң «Қыр қызғалдақтары», «Аңшы», «Саятшы», «Жайлауда», «Жылқышы», «Ерте көктем» атты шығармаларында қылқалам шеберi сайын даланың төсiнде таңбаланған таутұлға-тарихымызды қалам құдiретiмен «түртiп оятып», ұлттық өнердiң көшiне iлестiре жөнелгендей күйге бөлейдi. Ал, «Механизаторлар», «Құрылысшы қыздар», «Еңбек әуенi», «Шопан қызы» атты полотнолық туындыларда еңбек адамдарының жасампаздық бейнесi, тек еңбектiң ғана адамның тұрмысын түзеп, өмiрдi мән-мағынаға байытатыны айшықталған.

Қ.Нұрбеков - сурет өнерiмен қатар фотожурналистикада да қолтаңбасын айқындаған жан. Соның iшiнде Қасымбек ағаны фотоэтюд түсiрудiң шеберi десек, қателеспеймiз. Қас-қағым сәт! Жүзiне қуаныш табы ойнап шыққан адамның сол сәттегi қайталанбас бейнесiн объективке түсiрiп алу үшiн де фотожурналистiң бойынан аңғарымпаздық, әбжiлдiк, шапшаңдық, ұтқырлық секiлдi қасиеттер табылуы керек. Бойынан осынау қасиеттер табылған маман ғана өз кәсiбiнiң шын мәнiндегi шеберiне айналады. Нұрбековтiң «Алтын мақта бiздiң жақта...», «Атам еккен тал», «Қолтаңба», «Өзен жағасында», «Астық алқабында», «Дирижер», «Дала симфониясы», «Ауыл ақсақалы», «Самал жел» атты фотоэтюдтерiндегi еңкейген кәрiден еңбектеген балаға дейiнгi жандардың жалқы сәттегi шынайы бейнесi, жүзiнде ойнаған қуаныш табы көрген жанды өзiне ерiксiз iңкәр етедi. «Дала симфониясында» ақшулан бұлт жүзген егiс алқабындағы арудың жүзiнен өмiрге құштарлық аңғарылады. Алаулаған жүзiндегi жалындаған жастық жарқылы көрермен назарын ерiксiз байлап тастайды.

Фотообъективке iлiнген iлкi сәттердi түсiру үшiн де маманға темiрдей төзiм, шытынамайтын шыдамдылық, сарқылмайтын сабыр, ең бастысы, өз кәсiбiне адалдық керек-ақ. Осы орайда суретшiнiң жолы түсiп Өгем сiлемдерiн екi рет аралап шыққандағы түсiрген фотоэтюдтерi қайталанбас туындылар болғанымен ерекшеленедi. Қолына ұстаған дүрбiмен алыс көкжиекке көз салған орманшы. Ат үстiнде дүрбiмен алыс-жақынды шолып тұрған күзетшi. Тау өзенi жағасында үш атпен желiп келе жатқан Өгем сақшылары. Құм үстiмен жанұшыра зулаған батбат. Сексеуiлдiң иiр бұтағының ұшар басына қимылсыз қатып қалған кесiртке. Тасқа өрмелеген жылан, инелiк, ұлу, дәуiт те объектив назарына iлiккен. Мұның бәрiн қойыңызшы. Тапжылмай аңдып отырып күн сәулесi қарсы беттегi сексеуiл бұталарын қызғылт сары түске бояғанда iндерiнен бiртiндеп шыққан тышқандардың көп ұзамай ойнақ салғандарын тағат тауып түсiрiп алу үшiн де жүйкеңiз мықты, өзiңiз жанкештi болуыңыз керек шығар-ау. Қасымбек аға құдiреттi өнер үшiн осындай шыдамдылыққа барып, жалқы сәттегi жалт ете түскен көрiнiстердi фотообъективке «тоғыта» бiлдi.

Қазақстан Суретшiлер және Журналистер одақтарының мүшесi Қ.Нұрбековтiң шеберханасындағы туындыларымен танысқанымызда түрлi тақырыпты қамтығанын аңғардық. Белгiлi тұлғалардың, өнер адамдарының портреттiк суреттерi мен табиғат тылсымдарын танытқан пейзаждарына тән ортақ нәрсе - әрбiр детальдi қалт жiбермейтiн көрегендiгi. Портреттiк полотноларды салғанда кейiпкер тұлғасындағы ерекшелiктi тап басып, iшкi психологиялық жан дүниесiн танытуға әрекеттенуi суретшiнiң кәсiбiне шын берiлген, қаламы қалыптасқан өнер иесi екенiн айғақтайды. Египетке сапары кезiнен жасаған «Араб сериялары», атамекенiнiң табиғатын айшықтай алған «Өгем сiлемдерi» секiлдi сериялы туындыларынан Қасымбек ағаның сурет өнерiндегi өз орнын лайықты айшықтай алғанын аңғаруға болады. Кешегi кеңестiк кезеңде Нұрбековтiң фотосуреттерiнiң көрмесi Болгарияда, Чехословакияда, Ригада, Мәскеуде, елiмiздiң басты қалаларында, Шымкентте өткен. Мiне, осы көрмелерде «Өгем сiлемдерi», «Ақсақал», «Әншi Есқалиева», «Роза Бағланова», «Сырдариядағы кеш» туындылары жоғары бағаға ие болыпты.

- Қамшының сабындай қысқа өмiрде өнерден өзiн тапқан адам бақытты. Көптеген адам өз кәсiбiн таба алмағандықтан бағы жанбайды. Ал, мен өз кәсiбiмдi таптым. Мен үшiн дүниеде сурет салудан, фотоэтюд түсiруден артық ештеңе жоқ. Сүйiктi кәсiбiммен айналысқанда рухани ләззат аламын. Суретшiнiң басты байлығы - еркiндiгi, өйткенi, ешкiм оның ой-қиялына тежеу сала алмайды, - дейдi Қасымбек аға.

"Бейнелеу өнерiнде шынайы таланттарды тану мен насихаттау iсi кенже қалып келедi. Ал, өнер адамы қай кезде де қолдауға, өнертанушылардың шынайы да әдiл бағасына зәру. Өйткенi, оның бар байлығы - қаламы мен қабiлетi. Шетелдiк көрмелерден талай рет олжалы оралған қылқалам шеберiнiң сүйектi туындылары әлi күнге өнертанушылар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ. Сексеннiң сеңгiрiне шықса да қолынан қылқаламы түспеген суретшi мерейтойы қарсаңында өзiнiң жеке көрмесiн өткiзбек ниетте. Сұлулық әлемiне жаны құштар Қасымбек ағаның қаламынан әлi талай көркем туындылардың дүниеге келетiнiне сенiмiмiз мол", - деп жазады газет.

 

Соңғы жаңалықтар