Қасымов АҚШ азаматының облыстық ІІД бастығын айыптауына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов АҚШ азаматының Павлодар облыстық ІІД бастығы Амантай Әубәкіровті айыптауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қасымов АҚШ азаматының облыстық ІІД бастығын айыптауына қатысты пікір білдірді

«Тергеу амалдары өткізіліп, азаматтық процесс жүруде. Өзіндік қауіпсіздік департаментіміз тексеру жүргізді. Прокуратура да аталған азаматтың шағымы бойынша тексеру жүргізіп жатыр, күтіп отырмыз. Іске бастықтың жұбайы мен шағым жасаған азаматтың арасындағы азаматтық-құқықтық қарым-қатынас негіз болған. Шешім қабылданғаннан кейін, біз де өз шешімізді қабылдаймыз», - деді министр бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында.

Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын YouTube-те «ҚР ІІМ генералы америкалықты тонады» деген атаумен видеоролик жарияланған болатын. Онда Қазақстанда бизнеспен айналысқан АҚШ азаматы кәсібін Павлодар облыстық ІІД бастығы, генерал-майор Амантай Әубәкіровтің тартып алғандығын айтады.