Қасымов елорда мектебіндегі оқушы өліміне қатысты тергеудің мән-жайын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы №59-шы мектепте көз жұмған Темірлан Диқанбаев ісіне қатысты сараптамалық жұмыс аяқталды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі жалпы отырыс барысында тілшілер сауалына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасымов елорда мектебіндегі оқушы өліміне қатысты тергеудің мән-жайын айтты

«Сараптаманың қортындысын біз алдық. Қазіргі кезде тиісті шешім қабылдаймыз. Ер балаға қатысты тергеу тоқтатылады, ал мұғалімдерге қатысты әлі де қарастырамыз, бүгінде тексеру жүріп жатыр», - деді Қасымов.

Оның сөзіне қарағанда, жүргізілген сараптама баланың өлімі неден болғанын айқындап берген.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айының соңында Темірлан Диқанбаевтың өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған болатын. Осы орайда баланың өлімі себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Бұған дейін БАҚ беттерінде марқұм Т. Диқанбаевтың туыстары баланың төбелестен көз жұмғаны хабарлаған болатын. Осы орайда олар Темірлан сыныптасымен төбелес салдарынан қайтыс болғанын жеткізді.

Темірланды ажалдан арашалау үшін мектептің медбикесі көмек көрсеткенімен, жасөспірім есін жимастан көз жұмған.