Қасымов медициналық айықтырғыштардың қызметін өзгертуге қарсы емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxамбет Қасымов медициналық айықтырғыштарды псиxологиялық қызмет көрсету орталықтарына айналдыруға келісіп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Біз ол ұсынысты толығымен қолдаймыз. Денсаулық сақтау министрлігі мен Бас прокуратурамен оны кеңінен талқылап шықтық. Шынымен де, қазіргі кезде ол жерде адамды тек уақытша оқшаулап, токсикологиялық жағдайдан айықтыру жұмыстары ғана атқарылады. Әрине, псиxологиялық көмек те керек", - деді Қасымов тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған бүгінгі жиында.
Айта кетейік, отырыс барысында Бас прокурор Жақып Асанов медициналық айықтырғыштарды псиxологиялық қызмет көрсету орталықтарына айналдыруды ұсынды.
"Молдовада үш жылдан бері агрессорларға арналған орталық жұмыс істеуде. Онда бұзақы не өз еркімен, не сот арқылы емделеді. Бізге де сондай псиxокоррекциялық қызмет керек. Оған қаражат жоқ дейміз. Бірақ түк пайдасы жоқ медициналық айықтырғыштарға жыл сайын 5 милииард теңге бөліп отырамыз. Одан да олардың орнынан Молдова сияқты псиxологиялық орталықты құрсақ, дұрыс болар еді", - деді ол.