Қасымов сотталғандарды теологиялық сауықтырудан өткізетін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа сотталғандарды теологиялық сауықтырудан өткізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасымов сотталғандарды теологиялық сауықтырудан өткізетін болды

«Елбасының Жолдаудағы тапсырмаларына орай, терроризммен күрес шараларын күшейту керек. Президент қоғамда радикалды құбылыстармен байланысты қылмыстарға «мүлде төзбеу» принципін қалыптастыруды тапсырды. Сондықтан, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне діни экстремизмді ескерту жұмыстарын насихаттауды және қоғамда үнемі, үзіліссіз түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырамын»,-деді Сағынтаев.

Премьер-министр сондай-ақ, терроризмнің алдын алуда қамаудағы адамдармен де жүйелі түрде жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.

«Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы (Ішкі істер министрі - Қалмұханбет Қасымов) қамау мекемелерінде сотталған азаматтарды теологиялық сауықтырудан өткізу керек»,-деді Ішкі істер министріне тапсырма берген Үкімет басшысы.