Каталин Раду: АҚШ-қа тікелей рейстер ұшуы үшін әуе компаниялары өтініш жіберуі керек

Каталин Раду
Фото: Kazinform/Досбол Атажан

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өтіп жатқан «Green Airports» аймақтық семинары аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас директоры Каталин Раду АҚШ-қа тікелей рейстерді ашу процесі қалай жүретінін түсіндірді.

Оның айтуынша, бұл бағытта тікелей рейстер ашылуы үшін қазақстандық әуе компаниялар FAA-ға өтініш жіберуі қажет.

— Әуе компания тарапынан АҚШ-қа тікелей рейстерді жүргізу туралы өтініш берілгеннен кейін ғана FAA (Федералдық авиация басқармасы) қызметкерлері Қазақстанға келіп, халықаралық талаптарға сәйкестікті тексереді. Одан соң Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің аудитінен өткеннен кейін тікелей рейстердің ұшыру процесі басталады, — деді ол.

Сонымен қатар, Каталин Раду АҚШ-қа рейстердің ашылуы Boeing ұшақтарының Қазақстанға жеткізілуіне байланысты екенін атап өтті.

— Әуе компания тарапынан өтініш жіберілуі үшін, алдымен, Boeing Dreamliner ұшағы өндірушіден жеткізілуі керек. Жоспар бойынша бұл әуе кемесі 2025 жылдың аяғында жеткізіледі. Қазақстанда өтетін аудит те жоспарлы түрде әуе компанияның өтінішінен кейін 2025 жылы өтеді, — деді Каталин Раду.

Еске салайық, бұған дейін Air Astana тобының президенті Питер Фостердің АҚШ-қа тікелей рейстердің ашылуы туралы пікірін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар
telegram