Каталония туристерге арналған салықты 12 еуроға дейін көтерді
АСТАНА. KAZINFORM — Испаниядағы туристер арасында ең танымал аймақ саналатын Каталонияда туристік салық 12 еуроға дейін көбейді, деп хабарлайды Анадолы.
Автономды қауымдастық парламентінің шешіміне сәйкес, 1 сәуірден бастап туристерге арналған салық екі есеге артады. Ең үлкен өсім Барселона қаласында байқалады.
Каталония үкіметі (Generalitat) деректері бойынша жаңа ставкалар бойынша:
-
Барселонадағы бес жұлдызды қонақүйлерде — 7 еуро/1 түн,
-
төрт жұлдызды қонақүйлерде — 3,4 еуро/1 түн,
-
туристік апартаменттер мен ұқсас орындарда — 4,5 еуро/1 түн,
-
басқа орналастыру орындарында — 2 еуро/1 түн.
Сонымен қатар, Барселона қалалық туристік алымын 4-тен 5 еуроға дейін көтерді.
Осылайша, өткен жылы Барселонада 5–7,5 еуро төлеген турист 1 сәуірден бастап шамамен 12 еуро төлейтін болады.
Барселона муниципалитеті 2029 жылға дейін алымды жыл сайын 1 еуроға көтеріп, оны 8 еуроға жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, 2029 жылы қонақүйлердегі жалпы туристік салық 1 түнге 15 еуроға жетуі мүмкін.
Каталонияның басқа туристік қалалары — Жирона, Таррагона және жағалау елді мекендерінде салық 50%-ға өседі, бұл Барселонаға қарағанда аз. Каталония үкіметі жинақталған қаражаттың 25%-ы тұрғын үй саясатына, қалғаны Туризмді дамыту қорына жұмсалатынын хабарлады.
Испанияда туристік салық алғаш рет 2012 жылы Каталонияда енгізілген. Кейін төмен мөлшерлемелермен Галисия мен Балеар аралдары да осындай шараларды қабылдаған.
Бұдан бұрын мыңдаған марокколық әйел Испаниядағы маусымдық жұмысқа тартылатынын жазғанбыз.