Каталонияда толассыз жауған жаңбырдан су тасқыны болды

Толассыз жауын-шашыннан Каталония қатты зардап шекті. Өзендер арнасынан асып, көліктерді тасқын су алып кетті. Құтқару қызметтері Барселонадан 50 шақырым жерде орналасқан Кубеллес қаласында ағыс алып кеткен деген болжам бойынша жоғалған екі адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.
Бір күн бұрын Каталония билігі ауа райының қауіптілігінің ең жоғары деңгейін жариялаған еді. Кейбір жерлерде, метеорологтардың мәліметінше, бір шаршы метрге 100 литрден астам жауын-шашын түскен.Қазіргі кезге дейін аталған аймақта 70-тен астам адам медициналық көмекке жүгінген.
Төтенше жағдайға байланысты Каталонияда пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар Барселонадағы ауруханалардың бірінде электр қуаты үзіліп қалған.
Одан бөлек АҚШ-қа ұшатын ұшақ та әуежайға қайтып оралуға мәжбүр болған. Әуе кемесі аспанға көтерілер алдында ұшақтың тұмсығы бұршақтан зақымданған. Сондай-ақ Барселонада Cruïlla музыка фестивалінің ашылуы тоқтатылды және барлық саябақ уақытша жабылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін аптап ыстыққа байланысты Италия мен Испанияда қызыл деңгейлі дабыл жарияланғанын жазған едік.
Сондай-ақ ыстықтан Францияда екі адам көз жұмғанын және Испанияда алғашқы өлім жағдайы тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.