Қатар-2022: Австралия плей-офф сатысына жолдама алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында 30 қарашада D тобында Австралия және Дания құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған топта Франция алғашқы екі турда жеңіске жетіп, плей-офф сатысына шығып үлгерген болатын.

Қалған үш құраманың да жарысты жалғастыруына мүмкіндігі болды. Десе де екі турдан кейін 3 ұпайы бар Австралия плей-офф сатысына шығуына жақын тұрды. Ол үшін топтық кезеңдегі үшінші турда Даниядан жеңілмеуі тиіс болатын.

Кездесу барысында екі құрама тарапынан гол соғатын сәттер аз кездескен жоқ. Дегенмен бірінші кезеңде құрамалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңде де ойын дәл осыған ұқсас жағдайда өрбіген еді. Австралиялық Мэтью Леки 61-минутта өз құрамасын алға шығарды.

Осылайша Австралия қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, плей-офф сатысына жолдама алды.

Австралия бұған дейін бес мәрте әлем чемпионатында бақ сынады. Оның ішінде 2006 жылға дейін 1/8 финалға дейін жетті.

Ал Дания құрамасы өзінің тарихында мундиальға бесінші мәрте келді. Осылайша екінші мәрте топтық кезеңнен шыға алмады.

Айта кетсек, бұған дейін жарыстың 1/8 финалына Франция, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Сенегал, Англия, АҚШ құрамалары жолдама алды.


Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар