Қатар-2022: Эквадорды жолдан тайдырған Сенегал плей-офқа шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында үшінші тур ойындарын А тобындағы командалар бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта екінші турдан кейін Нидерланд пен Эквадор 4 ұпаймен алғашқы екі орынды бөлісіп тұрған. Сенегалда 3 ұпай болса, екі ойында жеңіліп қалған Қатар плей-офф жолдамасынан үмітін үзген-ді.

Нидерландтың алаң иелерімен матчта фаворит екені анық, сондықтан олардың Қатардан ұтылуы неғайбыл еді. Сондықтан Эквадор мен Сенегал екінші жолдаманы өзара сарапқа салды. Бұл ретте Эквадорға тең нәтиже де жеткілікті еді.

Белгілі футболшы Алиу Сиссе бұдан жиырма жыл бұрын Сенегал құрамасының капитаны ретінде алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен-ді. Қазір ол – осы команданың бапкері.

Эквадор 2006 жылғы біріншілікте дүниежүзілік доданың плей-офф бәсекесіне шыққан болатын.

Осыған дейін қос құрама жолдастық екі кездесу өткізіп, онда сенегалдықтар 1:0, 2:1 есебімен басым түскен-ді.

Бұл жолы Сенегалға тек жеңіс керек болғандықтан, олар көбірек шабуылдады. 42-минутта эквадорлық қорғаушы Пьеро Инкапье айып алаңына екпіндей кірген Исмаила Сарға қарсы ойын тәртібін бұзды. И.Сарр 44-минутта 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ – 1:0.

Екінші кезеңде 67-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін эквадорлық Мойсес Кайседо таразы басын теңестірді – 1:1. Алайда 70-минутта айып добы орындалған соң Сенегал капитаны Калиду Кулибали өз командасын қайта алға шығарды – 2:1.

Осылайша, Эквадордан айласын асырған Сенегал плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швейцарияны ұтқан Бразилияны плей-офф кезеңіне жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ бір матчта екі гол соққан оңтүстіккореялық футболшы рекорд орнатты.

Португалия Франция мен Бразилиядан кейін плей-офф кезеңіне шықты.


Соңғы жаңалықтар