Қатар-2022: F тобында Марокко бірінші орын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін F тобында Канада мен Марокко құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир кестесінде екі құраманың жағдайы түрліше болатын. Канадалық футболшылар алғашқы екі ойында жеңілістің ащы дәмін татып, жарысты жалғастыру мүмкіндігінен ерте айырылды. Ал Марокко екі кездесуде төрт ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орында бекем тұрған еді.

Сондай-ақ, Африка құрлығының өкілдерінің құрамында еуропалық белді клубтарда ойын көрсетіп жүрген футболшылар саны басым. Сондықтан жанкүйерлер олардың жеңісіне көбірек үміт артты.

Кездесу барысында алғашқы минуттан марокколық футболшылар белсенді бастады. Нәтижесінде канадалық қақпашының өрескел қателігін шебер пайдаланған марокколық Хаким Зиеш 4-минутта есеп ашты. Ал 32-минутта Юссеф Эн-Несири есепті үстемелей түсті.

Ойынның 40-минутында Наиф Агер өзінің қақпасына гол соғып алды.

Екінші кезеңде құрамалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Нәтижесінде Марокко қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Марокколық футболшылар әлем чемпионатына алтыншы мәрте қатысып отыр. 1986 жылы олар 1/8 финалға дейін жетті. Енді 36 жылдан кейін сол жетістігін жаңалай ала ма?

Аталған топтағы тағы бір кездесуде Хорватия мен Бельгия 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Нәтижесінде аталған топтан Марокко бірінші, Хорватия екінші орын алып, плей-офф сатысына шықты.

Сондай-ақ, елорда уақытымен 1:00-де Е тобындағы Жапония мен Испания («Qazaqstan»), Коста-Рика мен Германия («Qazsport») құрамалары кездеседі.

Айта кетсек, 2 желтоқсанда елорда уақытымен 21.00-де H тобында Гана мен Уругвай, Оңтүстік Корея мен Португалия, 01.00-де G тобында Сербия мен Швейцария, Камерун мен Бразилия құрамалары шеберлік байқасады.

Ал 3 желтоқсанда 1/8 финал ойындары басталады. Бұған дейін жарыстың аталған сатысына Франция, Австралия, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Сенегал, Англия, АҚШ, Аргентина, Польша құрамалары жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар