Қатар-2022: Иран-АҚШ матчы несімен әлем назарын аударып отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында топтық бәсекеде сейсенбі күні Иран мен АҚШ құрамалары сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

AlJazeera сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Иран жеңіске жеткен жағдайда алғаш рет плей-офф кезеңіне шықпақ. Сонымен қатар бұл бәсекенің саяси салмағы да басым болып отыр.

Алғаш рет командалар өзара 1998 жылы Францияда өткен чемпионатта кездескені белгілі. Бұл 1979 жылғы Иран төңкерісінен соң Тегеран мен Вашингтон қарым-қатынасты үзгеннен кейін бірінші матч болды. Сондықтан оған әлем көз тікті деуге болады.

АҚШ футбол федерациясының басшысы сол матчты ең маңызды деп бағалады. Франция билігі стадионға полиция қызметкерлерін әдеттегіден үш есе көп жіберді. Бірақ олардың көмегі қажет болмады. Ирандық ойыншылар қарсыластарына гүл шоғын сыйлап, бірге суретке түскеннен кейін қауіптің бәрі сейілді.

Бүгінгі ойын да осындай себеппен саясиландырылып отыр.

Иранда 70 күндей қарсылық шаралары жалғасуда, оларда БҰҰ деректері бойынша 300-ден астам адам қаза тапты.

Бір апта бұрын Иран футбол құрамасы Англиямен матч алдында ұлттық гимнді орындаудан бас тартып, қарсылық шарасын қолдады. Дегенмен олар бұдан кейін футболға бет бұрып, Уэльспен ойында гимнді шырқады.

Бірнеше күн бұрын АҚШ әлеуметтік желіде турнирлік кестені жариялаған кезде Иранның туын бұрмалап көрсетті. Бұл Иран тарапынан дау туғызып, футбол федерациясы ФИФА-ның әдеп жөніндегі комитетіне АҚШ федерациясына ескерту жариялап, құрамасын 10 ойынға шеттету туралы арызын жолдады.

Ақыры америкалық федерация әлеуметтік желілерде Иранның туын дұрысына ауыстырып, АҚШ құрамасының бас бапкері Грегг Берхалтер кешірім сұрады. Дегенмен Иранның ресми өкілдері АҚШ-ты елдегі тәртіпсіздік пен содырлық көріністерін ұйымдастырушы ретінде кінәлауын жалғастыруда.

Иран құрамасының бас бапкері Карлуш Кейруш келесі әлемдік додада саясиландырудың азайып, футболға көбірек мән берілетініне сенім білдірді. Спортты игілік үшін пайдалану керек, деді ол.

Иран-АҚШ матчы 29-ынан 30 қарашаға қараған түні Ар-Райянда «Ахмед бин Али» стадионында елорда уақытымен сағат 01.00-де басталады. Тағы бір кездесуде Уэлс пен Англия шеберлік байқасады. Плей-офф жолдамасынан төрт құрама да үмітін үзе қойған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швейцарияны ұтқан Бразилияны плей-офф кезеңіне жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ бір матчта екі гол соққан оңтүстіккореялық футболшы рекорд орнатты.

Португалия Франция мен Бразилиядан кейін плей-офф кезеңіне шықты.


Соңғы жаңалықтар