Қатар-2022: Лионель Месси әлем чемпионаттарындағы оныншы голын соқты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Нидерланд құрамасымен ойында Аргентина капитаны Лионель Месси мергендігімен көзге түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бірінші таймда Месси Науэль Молинаға нәтижелі пас берсе, екінші кезеңде 73-минутта 11 метрлік айып добын дәл орындады.

Осылайша, әлем чемпионаттарында 24 матч өткізген 35 жастағы шабуылшы өзінің оныншы голын соқты. Бұл көрсеткіш жөнінен Месси Аргентина құрамасының сұрмергені Габриэль Батистутамен теңесті. Батитуста 12 ойында 10 голдың авторы атанған еді.

Сондай-ақ әлем чемпионаттарында Хельмут Ран (10 матч, Германия), Гари Линекер (12, Англия), Теофило Кубильяс (13, Перу), Томас Мюллер (19, Германия) және Гжегож Лято (20, Польша) 10 гол соқты.

Оған қоса Месси әлем чемпионаттарында жетінші рет нәтижелі пас берді. Бұл жөнінен ол Диего Марадонадан (8) кейінгі екінші орында тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бразилияның бас бапкері орнын босатқанын жазған болатынбыз.


Фото: ГОЛУБОВИЧ ДМИТРИЙ, «ЧЕМПИОНАТ»

Соңғы жаңалықтар