Қатар Иранды қақтығысқа қатысы жоқ елдерге соққы беруді тоқтатуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қатардың сыртқы саяси ведомствосының басшысы, шейх Мұхаммед бин Абдуррахман бин Джассим Әл Тани Sky News арнасына берген сұхбатында қақтығысқа үшінші елдердің тартылуынан сақтандырды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Қатардың Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Қатар Иранды қақтығысқа қатысы жоқ елдерге соққы беруді тоқтатуға шақырды
Фото: Қатар СІМ

Сыртқы істер министрі Қатардың Иран үшін дұшпан ел емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, қақтығыс басталғанға дейін Парсы шығанағы елдері оған ешбір түрде қатыспайтынын алдын ала ескерткен. Сондықтан ирандық соққылар күтпеген жағдай болған.

— Біз әрдайым Иранмен қарым-қатынасымызды тату көршілік қағидатына негіздеп құрдық. Өкінішке қарай, Қатар мен Парсы шығанағының басқа елдеріне жасалған соққыларды ақтау үшін Иран түрлі сылтаулар келтіріп отыр, бірақ біз оларды толықтай қабылдамаймыз. Біздің елдер бұл соғыстың бір бөлігі болғысы келмейді. Ең алдымен, Иран Парсы шығанағы елдеріне және бұл қақтығысқа қатысы жоқ басқа мемлекеттерге шабуылдарын тоқтатуы тиіс, — деді дипломат.

Министр Қатардың бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық шешімдерді іздеуге көмектескенін еске салып, Тегеран билігін қақтығысқа басқа елдерді тартпауға шақырды.

— Біз иран халқының гүлденгенін қалаймыз. Соңғы оқиғалар екіжақты сенімге үлкен нұқсан келтірді, бірақ біз диалогты жалғастырамыз. Өйткені олар біздің көршілеріміз. Иранға айтарым — жағдайдың одан әрі ушығуы үшін басқа елдерді тартпаған жөн. Егер шабуылдар жалғаса берсе, ешкім көмектесе алмайды немесе қандай да бір дәлел келтіре алмайды, өйткені әр мемлекет өз елін қорғаумен айналысады, — деді қатарлық дипломат.

Ол сондай-ақ АҚШ-ты да шиеленісті бәсеңдетуге және барлық тараптың алаңдаушылығын ескеретін дипломатиялық шешімдерді іздеуге шақырды.

Бұған дейін Қатар Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің ушығуы апатты салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерткен болатын.

Сонымен қатар, Бахрейнде дрон шабуылынан зардап шеккендер саны 32 адамға дейін артқаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум