Қатарда қазақстандық мұнайшыларға сұраныс артуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Қатар мемлекетінде Қазақстанның мұнайшыларына сұраныс артуы мүмкін екенін айтты.
- Қатарда жұмысқа орналасардың алдында, сол елдегі жұмыс берушінің сұранысын қарау керек. Қатардағы жұмыс берушілердің көбісі мұнай-газ саласынан. Сондықтан олар бұл саладағы білікті мамандарды іздеп жатады. Бұл бағытта жұмыс істеуге қауқары бар Қазақстан азаматтары өз өтінімін бере алады. Осы орайда Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында оқыту орталықтарын жасақтадық. Егер жыл басында Қатар жағынан жұмыс берушілер керек мамандардың тізімін жолдаса, портал арқылы елімізден баратын адамдар дайындалады, - деді А. Ертаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Қатар мемлекеті жұмысшыларды квота бойынша қабылдайды.
- Біз Қазақстан азаматтарына Қатардың заңнамасына, тәртібіне қатысты толық мәлімет береміз. Осы дайындықтан кейін, жұмысшылар сол елге аттанады. Бүгін тиісті заңды Сенат мақұлдады. Келер жылдан осы бағыттағы жұмыстар басталады, - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.