Қатардың PIH компаниясы Astana Hub-қа тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Қатардың Power International Holding (PIH) компаниясы Astana Hub халықаралық технопаркіне тіркелді. Алпауыт холдинг өзіне тиесілі цифрлық шешімдерді Астанадағы стартап алаңында іске асыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен PIH -тің Қазақстандағы басқарушы директоры Амер Махасеннің кездесуінде мәлім болды.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан тарабы қатарлық компания өкілдерімен энергетика, телекоммуникация, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар мен тау-кен металлургиясы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін пысықтаған.
Амер Махасен холдинг Қазақстандағы инвестициясының аясын кеңейтуге ниетті екенін атап өткен.
- Компания IT-стартаптардың халықаралық технопаркі – «Astana Hub» базасында заңды тұлғасын тіркеді. Осы алаңда өзінің цифрлық шешімдер мен қызметтерді іске асыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. PIH-тің денсаулық сақтау инфрақұрылымында халықаралық тәжірибесі мол екенін ескерсек, медициналық мекемелерді салып, басқаруға инвестиция салатын мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, тау-кен металлургия секторында жер қойнауын пайдалану нарығына шығу перспективалары зерттеліп жатыр, - деп жазылған ресми мәліметте.
Кездесуде PIH пен Қазақстан Үкіметінің арасындағы бірлескен өзекті жобаларды қамтитын инвестициялық келісімді дайындау мәселесі де талқыланды.
Айта кету керек, PIH Қазақстанда бірнеше стратегиялық маңыздағы жобаларды іске асырып жатыр. Атап айтсақ, Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 және 2,5 млрд текше метр болатын екі газ өңдеу зауытын салу, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісін тарту, КС-14 компрессорлық станциясын және «КС-14 – Ақтөбе – Қостанай» магистралін салу жобаларына қатысып отыр.
Ал 2023 жылы осы холдинг Tele2 және Altel компанияларының 100% акциясын сатып алған еді.