Қатарынан 22 матчта жеңіске жеткен Дмитрий Попко Бразилияда жартылай финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 276-ракеткасы Дмитрий Попко Ресифе (Бразилия) ITF турнирінің жартылай финалына өтті.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда франциялық Паул Фалсекимен сынға түсті.
Дмитрий Попко франциялық спортшыны 6:2, 6:3 есебімен оңай ұтты.
Қазақстандық теннисшінің жартылай финалдағы қарсыласы кейін белгілі болады.
Мұның алдында Д.Попко АҚШ-та Флоридада үш додада жеңімпаз атанған еді. Ал Аргентинада финалға шыққанымен, ол ойын ауа райына байланысты өтпей қалған еді. Соны есептемегенде, Д.Попко қатарынан 22 матчта жеңіске жетіп отыр.
Дмитрий сонымен қатар бразилиялық Даниэль Дутра Да Сильвамен бірге жұптық сында да табысты өнер көрсетуде. Олар бразилиялық Энрике Бого – парагвайлық Эрнандо Хосе Иснардиді 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға өтті.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 140-ракеткасы Михаил Кукушкин Лугано (Швейцария) челленджер турнирінің жартылай финалына өте алмады. Ол ширек финалда әлемнің 122-інші, жарыстың 1-ракеткасы, бельгиялық Зизу Бергске жол берді – 3:6. 4:6.
Осылайша, М.Кукушкиннің 14 матчқа созылған жеңіс сериясы аяқталды.
Қарағандыда өтіп жатқан ITF турнирінде қазақстандықтарға сәттілік жолдас болмады. Жібек Құламбаева жекелей сында франциялық Ярослава Барташевичке тартысты матчта 6:3, 5:7, 3:6 есебімен жол беріп, жартылай финалдан тыс қалды.
Сол секілді Гөзал Айнитдинова жұптық сында ресейлік Екатерина Казионовамен бірге жартылай финалда ресейлік Виктория Михайлова – украиналық Анастасия Поплавскаядан өте алмады. Бірінші партия 3:6 есебімен біткеннен кейін қазақстандық-ресейлік жұп бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллс турнирінде Рыбакина мен Бубликтің қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.