Қатарынан екі жеңістен кейін «Барыс» командасы «Куньлунь Ред Старға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, 29 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасына қарсы өткізді.
Қазақстандық команда екі ойын қатарынан жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алған еді. Сондықтан бүгінгі кездесуде де жанкүйерлер олардан сондай жетістікті күтті.
Екі команда турнир кестесінде қатарлас келе жатыр. Қай-қайсысы да өз мүмкіндігін пайдаланып, қажетті ұпайды олжалауға болатын.
Кездесу барысында қос қарсылас тартысты ойын өткізді. Екінші кезеңнің соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Ойынның 38-минутында қытайлық клубтан Рурк Шартье гол соқты.
Үшінші кезеңде қазақстандық команда таразы басын теңестіруге күш салды. Дегенмен өз қақпасына гол жіберіп алды. Елордалық клуб соңғы минутта қақпашыны алтыншы хоккейшіге алмастырған еді. Бос қалған қақпаны Дойл Сомерби 59-минутта дәл көздеді.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:2 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі үш ойынын елордада өткізеді. Алдымен 3 қарашада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасын қабылдаса, 5 қарашада «Ак Барс» (Қазан), 7 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург) клубтарымен шеберлік байқасады.