Қателіктерді дұрыстап, мықты болып ораламын — Әбиба Әбужақынова

НАГОЯ.KAZINFORM — Қазақстандық спортшы Әбиба Әбужақынова Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Финалдық белдесуден кейін, спортшы Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, бүгінгі жарыс жолын қорытындылады.

Әбиба Әбужақынова
Фото: ҰОК

Әбиба финалдық жекпе-жектегі жеңілісі туралы пікір білдірді.

— Финалдық белдесуде жапондық қызға қарсы күресетінімізді білдік. Сол себепті қажетті тактика дайындадық. Партерге дайындық жасадым. Алайда, қанша берілмегеніммен қарсыластың әдісіне түсіп қалдым, — деді ол.

Спортшы жарақаттан кейінгі қалыпқа келуі және алдағы жоспары туралы айтты.

— Жарысқа жақсы дайындықпен, нық сеніммен келдік. Жарақатыма байланысты операция жасатып, қалыпқа келдім. Содан кейін Азия ойындарында татамиге шығып тұрмын. Енді алдағы күндері Астанадағы әлем чемпионатында жарыс жолына шығамын, — деді дзюдошы.

Әбиба сөз соңында қазақстандықтардың қолдауына алғыс айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.

— Сенім артып, мүмкіндік берген бапкерлеріме рақмет. Татамиде тұрып күресуден бапкерлер тарапынан жақсы пікір алдым. Алайда, алдағы уақытта қателіктерді саралап, партерге дайындықты күшейтемін. Астанадағы Әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетуге тырысамын, — деді спортшы.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Әбиба Әбужақынова әйелдер арасында 48 келі салмақта ақтық сында жапондық спортшы Мицуки Кондоға есе жіберіп, күміс жүлде жеңіп алды.

Сонымен қатар, ерлер арасында 60 келі салмақта финалда өнер көрсеткен Елдос Сметов Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды.