Қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі қашан дайын болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі сынағы қашан аяқталатынын айтты.

Қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі қашан дайын болады
Фото: pexels.com

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте БАҚ өкілдері институт басшысынан отандасымыз, биотехнолог Дос Сарбасов ойлап тапқан қатерлі ісікке қарсы дәрі қашан толық сынақтан өтетіндігін сұраған еді.

- Дәрі қазіргі заманғы химиятерапия барлық мүмкіндігін сарқыған пациенттерді емдеуге арналған. Клиникалық зерттеу әлі жүріп жатыр, аяқталған жоқ. Клиникалық сынақтың екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Жақсы нәтиже және жанама әсер барынша аз болуы үшін белсенді заттардың дұрыс мөлшері іріктеледі. Аталған сынақтар аяқталған соң тіркеу рәсімі жүргізіледі, - деді ол.

Оның айтуынша, процесті кез келген тұрақтандыру – оң нәтиже.

- Клиникалық материалдарды толық жинағаннан кейін біз мұны міндетті түрде айтамыз. Сынақтың қазіргі кезеңі жыл соңына дейін жүргізілетіні анық. Содан кейін ғана нәтижесін толық көре аламыз, - деп жауап берді Ербол Бекмұхамбетов.

Өткен жылдың қаңтарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғалым қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапқанын айтқан болатын. 

Министрдің айтуынша, инновациялық дәріні алдымен қояндар мен тышқандарға сынаған. Сосын онкология университетінде 15 адам сынақтың бірінші кезеңнен өтті.

- Олар қатерлі ісікпен ауыратын адамдар. Келесі жылы нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз, - деген еді Саясат Нұрбек.

Соңғы жаңалықтар