Қатерлі ісікті ерте анықтаған өзбекстандық дәрігерлерге сыйақы беріледі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Онкологиялық дерттерді ерте даму сатысында анықтаған Өзбекстандағы медициналық бригадаларға сыйақы беріледі. Бұл туралы 2024 жылға арналған білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, мәдениет және спорт салаларындағы мәселелер талқыланған кеңесте Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Қатерлі ісікті асқыну дәрежесіне жеткізбей анықтаған мамандарға әр диагноз үшін сыйақы беру жобасы 1 мамырдан Қашқадария облысында қолға алынады. Ал келер жылы бұл механизм елдің барлық аймағында енгізіледі.
Сондай-ақ, кеңес барысында тәуекел тобына кіретін тұрғындарды скринингтен өткізу жүйесі өзгеретіні айтылды. Бұл бағыттағы істерге енді республикалық кардиология, эндокринология және онкология орталықтары жауапты болады.
Шетелдік сарапшыларды тарта отырып, ескірген клиникалық хаттама мен талаптар халықаралық стандарттарға бейімделеді. Бұған қоса, өзбекстандық дәрігерлер жеңіл ауруы бар науқастарды тек дәрі-дәрмекпен емдеу жүйесінен ойысып, оның орнына иммунитетті көтеретін табиғи өнім, физикалық жаттығу және фитотерапияны қолдануды жоспарлап отыр.
Жиын барысында Шавкат Мирзиёев медицина саласындағы бірқатар олқылыққа да тоқталды. Өзбекстан президенті атап өткендей, кейінгі 7 жылда 7 министр өзгерген, бірақ секторды цифрландыру және медициналық сақтандыруды енгізу баяу жүріп жатыр.
Осыған байланысты Шавкат Мирзиёев премьер-министрге әлеуметтік салаға жуапты министрлер мен олардың орынбасарларын бір жыл мерзімге келісімшартпен қызметке алуды тапсырды. Мұндай механизм хокимдердің орынбасарларына қатысты да қолданылады. Тиісінше келісімшартпен лауазым иеленген шенеуліктердің қызмет тиімділігін анықтайтын KPI көрсеткіштері белгіленеді.