Қатерлі ісікке қарсы еуразиялық форум жұмысына Қазақстан, Ресей және АҚШ мамандары қатысуда

Форумға қатысқандар жариялаған статистика бойынша, Қазақстанда жыл сайын онкологиялық аурулармен ауыратын 30 мыңға жуық емделуші анықталады. Жыл сайын 17 мың қазақстандық қатерлі ісіктен көз жұмады. Форумға қатысушылар егер адамдар жылына кемінде 1 рет тексеруден өтуді әдетке айналдырса, бұл көрсеткішті азайтуға болатынына сенімді. Бұл ауру жаңа басталған кезінде анықталса, оны уақытында емдеуге мүмкіндік туар еді.
Форумға қатысушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исімбаева аурудың алдын алу бағытында мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатқандығын алға тартты: қазіргі уақытта азаматтар тегін тексеруден өте алатын ұлттық скринингтік бағдарлама жұмыс істейді. Сонымен қатар, бюджеттен алдағы екі жылға онкологиялық ауруларға қарсы күрес жүйесіне 38,5 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Жақын уақытта депутаттар осы мәселемен айналыспақ.
Форум аясында 11 және 12 қазанда, сондай-ақ, аурудың ақтық (соңғы) сатысын бастан өткеруші емделушілерге паллиативті көмек көрсету - хоспистердің және онкологиялық ауруларды қолдау орталықтарының жұмыс істеу мәселелері қарастырылмақ.