Католицизмнің келешегі: Рим Папасы қалай сайланады

АСТАНА. KAZINFORM – 7 мамыр күні Ватикандағы Сикстин ғибадатханасында Кардиналдар коллегиясы жаңа Рим Папасын сайлау үшін жиналмақ. Олар католик шіркеуінің келесі басшысын қалай таңдайды, бұл сайлаудың қандай жаһандық маңызы бар? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы осы тақырыпта ой өрбітті.

Выборы нового Папы Римского
Фото: noticiasnrt.com

Франциск шіркеудің абыройын сақтап қалды

Өткен айдың соңғы онкүндігі басталғанда, 21 сәуірде 88 жастағы Рим Папасы Франциск қайтыс болды. Бұл оқиға батыс әлемінде үлкен резонанс тудырғанын аңғару қиын емес. Ол 12 жылдық жетекшілігі тұсында Ватиканның саясатын өзгертіп, әлемдегі жағдайға әсер ете алатын деңгейге жетті.

Негізі Францисктің шын есімі Хорхе Марио Бергольо, Аргентинаның тумасы. Оның осы туған жерінің өзі өзгелерден біршама ерекшеледі. Рим-католик шіркеуінің 266-басшысы батыс жарты шардан шыққан алғашқы папа болды, алғашқы иезуит. Кейінгі мың жылдан астам уақыт бойы понтифик қызметіне тек Еуропа топырағында туған тұлғалар сайланып келген еді. Бірақ кедейлерге көмектескен қасиетті Франциск Ассизидің құрметіне Франциск есімін иемденген Бергольо ол әдетті өзгертті.

Франциск Ватикан үшін қиын кезеңде келді, шіркеу жемқорлық пен басқа да жағымсыз құбылыстарға байланысты жиі сынға ұшырайтын. Жаңа понтификке шіркеудің беделін қалпына келтіру міндеті жүктелді.

2013 жылы Ватикан банкі беделді аудит компаниясын тартып, шіркеудің қаржысын тексеруге кірісті. Осы кезде Франциск көптеген артықшылықтардан бас тартып, қарапайым өмір салтын ұстанды. Қымбат көлік, жеке жүргізушіні ысырып, қарапайым көлікпен немесе қоғамдық көлікпен жүрді. Әлемдегі маңызды қақтығыстар мен оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, түрлі сапарлар жасады.

Рим Папасы мен Қазақстанның байланысы

2022 жылы Франциск Қазақстанға алғашқы апостолдық сапарын жасап, Орталық Азия өңіріне келіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқаны есте. Бұл Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог алаңы ретіндегі мәртебесін күшейтті.

Рим Папасы Франциск әлем халқының есінде бейбітшіліктің жақтаушысы ретінде қалады – Тоқаев
Фото: Ақорда

 

Рим Папасының бастамалары ылғи шіркеу беделін сақтап, оған сенушілердің жақсы көзқарас қалыптастыруына ықпал етті. Бүгінде Еуропада Ватикан екі бағытқа бөлініп отыр деп есептеледі: дәстүршілдер – шіркеу канондарының бірлігін жақтайтындар және реформатор-либералдар – екінші тарап Франциск бастамаларын жалғастыруды қалайды.

Франциск өз тұсында бұған дейін талқыланбай, тыйым салынып келген тақырыптарды ашық қозғай бастады. Мәселен, папалығы кезінде ол әйелдердің шіркеудегі рөлін талқылауға шығарды. Экономикалық әділетсіздікті сынға алып, экологияны қорғауға шақырды.

Сол себепті жаңадан сайланатын ендігі Папа екі таңдаудың ортасында қалмақ: реформаларды жалғастырады немесе дәстүрлі канондарға оралу жолдарын көздейді.

Жаңа Рим Папасын қалай сайлайды?

Кардиналдар коллегиясы жаңа Папаны сайлау үшін Сикстин ғибадатханасына 7 мамырда жиналмақ. Ережеге сәйкес, конклав – кардиналдардың жиыны Папа қайтыс болғанынан кейін 15-20 күн ішінде өткізілуі керек.

Сайлау абсолютті құпия жағдайда өтеді. Қатысушылардың өзгелермен байланысына тыйым салынады. Сикстин ғибадатханасы – Ватикандағы бұрынғы үй шіркеуі, 1473-1481 жылдары Папа Сикст IV тапсырысы бойынша Джордже де Дольчи салған. Қазір бұл Ренессанс дәуірінің көрнекті ескерткіші әрі мұражайы саналады.

выборы Папа Римского
Фото: x.com/VaticanNews

 

Сайлауға 80 жастан кіші кардиналдар ғана қатыса алады. Биыл дауыс беруге 135 адам қатыспақ. Бірінші күні бір ғана дауыс беру раунды өткізілуі мүмкін. Егер алғашқы дауыс беруде ешкім сайланбаса, келесі күндері күніне төрт раундтан дауыс беру өтеді: екі рет таңертең, екі рет кешке.

Кандидат Папа атануы үшін кемінде сайлаушылардың 2/3-нің дауысын алу керек. Яғни, 135 адамның 90-ы қолдауға тиіс. Егер 33 раундтан кейін де нәтиже болмаса, ең көп дауыс жинаған екі кандидат іріктеледі. Бірақ өздері бұл соңғы раундта дауыс бере алмайды.

Шешім қабылданбаған жағдайда Сикстин капелласынан қара түтін көтеріледі. Ал егер Папа сайланса ақ түтін көтеріледі. Сайланған соң кардиналдар коллегиясының төрағасы жаңа Пападан бұл міндетті қабылдай ма және қандай есім таңдағанын сұрайды. Ол келісім берсе, Сикстин капелласындағы арнайы бөлмеден ақ киім киіп шығады.

Сайлауды алдын ала болжау қиын

Дүниежүзілік БАҚ-тың сайлау туралы көптеген болжамдарына қарамастан, нақты нәтиже әлі белгісіз. Себебі кардиналдар құрамы сан алуан, әртүрлі және олардың көпшілігі әлі таңдау жасамаған.

Франциск кезінде кардиналдардың құрамы айтарлықтай өзгеріп, бұрын кардинал болмаған елдерден де өкілдер тағайындалды. Латын Америкасы, Африка және Азияның дауысы күшейіп келеді. Алайда кейбір италиялықтар папалықты «ескі әлемге» қайтару қажет деп санайды.

выборы Папа Римского
Фото: aa.com.tr

 

Шеткері аймақтан келген кардиналдар Францисктің бағытын жалғастыруды қалайды және әлемдегі дағдарыстарға қалай жауап берілетіні маңызды деп санайды.

Мысалы, Мьянмадан шыққан алғашқы кардинал Чарльз Бо CNN-ге жіберген хатында болашақ Папа адамзатты «тұйықтан шығаруға» және моральдық беделге ие тұлға болуға тиіс деп жазған.

«Діндер адамзатты құтқару үшін бірігуі керек. Әлемге үміт қажет. Келесі Папа – сол үміттің өзі болуы керек», – деген ол.

Осылайша, Сикстин капелласына жиналатын кардиналдар жай ғана жаңа Папаны сайламайды, олар Католик шіркеуінің болашағын айқындайтын маңызды шешім қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар