12:31, 16 Мамыр 2025 | GMT +5
Катон-Қарағай ұлттық паркінде қар барысы фототұзаққа түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Катон-Қарағай ұлттық табиғи паркінің Аршаты орманшылығында қар барысы фототұзаққа түсті, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Фототұзақты орманшы Жомарт Аманбаев орнатқан. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген қар барысы (Panthera uncia) бейнеленген бірегей кадрлар алынды.
— Бұл дерек табиғатты қорғау бағытында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсететін маңызды дәлел саналады. Жабайы жануарларды бақылау жұмыстары жалғасады. Қар барысын бірге сақтайық! — делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін Алтайдың Бүркітауы аумағындағы фототұзаққа Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін аңдардың бірі — қар барысы түсіп қалғанын жаздық.