Катонқарағай бүкіл Орталық Азияның жасыл болашағына бағыт-бағдар бере алады
САМАРХАНД. KAZINFORM – Самарқанд Климаттық форумының алаңында Орталық Азиядағы жасыл дамуға серпін беруі мүмкін бастама көтерілді, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Форумның негізгі қонақтарының бірі, құрметті профессор, Халықаралық комитеттің төрағасы, МГЭИК (Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының) мүшесі және 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Доктор Чунг Раэ-Квон халықаралық серіктестер мен эко қауымдастықтардың назарын аударған ұсыныс жасады.
«Қазақстанның технология, парасаттылық пен табиғатқа деген құрмет бір жерде қалай біріге алатынын көрсете отырып, өңірде көшбасшылық танытуға бірегей мүмкіндігі бар. Мен Катонқарағай ауданы Орталық Азиядағы басқаларға үлгі болатын алғашқы толық жасыл аймақ – тұрақты болашақ моделі бола алады деп сенемін», - деді ол.
Катонқарағай – бұл жай ғана табиғи парк емес. Бұл ең бай биоәртүрлілік, ұлттық бірегейлік және климатқа төзімді шешімдерді жүзеге асыру әлеуеті тоғысатын бірегей кеңістік. 2024 жылы аудан әлемдегі ең үздік үш «жасыл» бағыттың бірі болып танылды. Климаттық дағдарыс және экожүйелерге қысым артып тұрған қазіргі жағдайда дәл осындай аумақтар табиғатпен етене өмір сүрудің жаңа модельдері үшін эксперименттік алаңға айналуы мүмкін.
Әлем қазірдің өзінде жасыл пилоттық жобалар дәуіріне аяқ басты, бірақ Орталық Азия бұл қадамды енді жасайды. Табиғат, мәдениет және саяси ерік-жігердің бірегей үйлесіміне ие Қазақстан трансформацияның көшбасшысы бола алады.
Доктор Чунгтың пікірінше, жоба тығыз серіктестік платформасын құрған кезде ғана мүмкін болады.
«Мұндай жобалар «жоғарыдан төмен» қағидасы бойынша жүзеге асуы мүмкін емес. Бұл әкімнен бастап оқушының, ҮЕҰ-дан бастап бизнес пен халықаралық серіктестердің ортақ ісі болуы тиіс», – деп атап өтті доктор Чунг.
Ол бұл бастаманың басталуына негізгі қадам құндылық бағдарлары мен дамудың экологиялық, технологиялық және әлеуметтік принциптерін қамтитын 2035 жылға дейінгі жол картасы жазылатын ресми құжат – Жасыл аймақтың манифестін қабылдау болады дейді.
Алғашқы жасыл аймақ идеясы жай ғана экологиялық бастама емес. Бұл мәдени өзгеріс, ауылдық және табиғи аумақтың жаңа моделі, осыған қарап Орталық Азия бойынша жасыл дамудың қандай екенін аңғаруға болады.
Айта кетейік, осыған дейін 4-5 сәуірде бірінші Самарқанд халықаралық климаттық форумы өтетінін жазғанбыз.