Катонқарағай мен Марқакөл арасын жалғайтын австриялық жолдағы көпір жөнделеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы әйгілі ескі австриялық жолдың бір бөлігін қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын бұл жол Катонқарағай мен Марқакөл аудандарының арасын жалғайды. Ол «Катонқарағай» ұлттық табиғи паркі мен «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығының аумағы арқылы өтеді. Тау бөктеріндегі жолмен жүргендер табиғаттың тамашасына куә болады. Мұнда туристердің жиі келетіні де сондықтан. Әрі жолды Бірінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға алынған австриялықтар салғандықтан оның тарихы да қызық.
ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жол төсемесіне кешенді зерттеу жүргізіліп, соған сәйкес бастапқы кезекте атқарылатын жұмыстар тізімі жасалған. Атап айтқанда, Катонқарағай жағындағы апатты жағдайдағы көпірді қалпына келтіру және су өткізу құбырларын ауыстыру жоспарланған.
— Ескі австриялық жолға қызығушылық танытатын туристер қатары артып келеді. Сондықтан ең алдымен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл мақсатта орман қоры жерлерін 25 жылға жалға алу шартына қол қойылды. Бұл бізге жолды жүйелі түрде күтіп-ұстауға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.
Жоспарланған жұмыстардың жалпы құны — 537 млн теңге. Ақша облыстық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға арналған қаражат есебінен бөлінеді. Құрылыс техникалары мен жұмысшылар жолға келесі аптада келеді.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласында Ертіс көпірі астындағы жол биыл пайдалануға берілетіндігі жайлы жазғанбыз.