Катонқарағай ұлттық паркінде қар қалың түсіп, аңдардың аш қалу қаупі туындады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінде қар қалың түсіп, аңдардың аш қалу қаупі туындады.

Ұлттық паркте жыл сайын қаңтар айында ең қарлы кезең басталады. Биыл да әдеттегідей қар қалың түсіп, жабайы аңдардың ашығып қалу қаупі туындады. Соған орай парк қызметкерлері оларды қоректендіріп жатыр.

Қазір мұнда қардың қалыңдығы 60-80 сантиметрге жеткен. Желтоқсан айы басталғалы инспекторлар арнайы жабдықталған ыдыстарға 27 тонна шөп, 3 тонна астық, 4 тонна тұз жеткізген. Сол жерге келіп елік, марал, сілеусін сынды түз тағылары қоректеніп жатыр.

- Бұл жұмыстар демалыс күндері де жүргізіліп отырады. Инспекторлар ауа райының қиындығына қарамастан өз аумақтарында жем дайындауда. Сондай-ақ туристердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етуде, - дейді Катонқарағай ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Арнас Ауғанбаев.

Катонқарағай ауданында қыс жеті айға созылады. Осы кезеңде жабайы аңдарды азықтандыру үшін 250 тонна шөп, 33 тонна астық, 27 тонна тұз дайындалған.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда сілеусін ауыл ішіне кіріп кеткені хабарланған.

