Катонқарағайда интернеттің нашарлығы туризмнің дамуына қолбайлау болып тұр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Ел арасында «екінші Швейцария» атанып кеткен Катонқарағайдың негізгі туристік ауылы — Берел. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де келетіндер бар. Алайда әлі күнге дейін ауылда интернет дұрыс ұстамайды.

«Бір-бірінен қолма-қол ақша сұрап тұрады»
Катонқарағайға туристерді тур арқылы таситын кәсіпкер Асқар Амангелдінің (өзінің сұрауы бойынша аты-жөні өзгертіліп берілді) айтуынша, қазіргі ең күрделі мәселе — интернеттің нашарлығы.
— Катонқарағайдағы кейбір ауылдар әлі күнге дейін интернетпен қамтылмаған. Соның бірі — Топқайың. Ал басты туристік бағыттардың бірі саналатын Берел ауылында интернет жылдамдығы өте нашар, — дейді ол.
Соның салдарынан халық дүкеннің маңында бір-бірінен қолма-қол ақша сұрап тұрады.
Себебі интернет байланысы нашар болғандықтан банктік мобильді қосымшалар жұмыс істемейді.
— Халық туристерден пайда көруі үшін құрт-май сатады. Бірақ мұның бәрі қолма-қол есеп айырысумен ғана жүзеге асады. Сол үшін Катонқарағайға демалушылар көптеп келуі үшін интернет мәселесін қолға алу керек, — дейді кәсіп иесі.

Туристерді 21 үй қабылдап отыр
Мәселенің қалай шешілетінін білу үшін Катонқарағай ауданы әкімдігіне ресми сауалхат жолдадық.
Жауап берген аудан әкімінің орынбасары Расул Қарабалиновтың мәліметінше, Берелде 3G жылдамдықты мобильді интернет ұстайды.
— Берел ауылында антенна-мачталық құрылымның құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Аталған аумақта 3G жылдамдықты мобильді интернет жұмыс істейді. Қазіргі уақытта интернет желісінің қуатын арттыру мақсатында облыстық Цифрландыру басқармасына тиісті хаттар жолданды, — дейді ол.
Бүгінде ауылда барлығы 21 үй туристерді қабылдап отыр. 2024 жылдың қортындысы бойынша елді мекенге 8 745 турист келген.
Олардың арасында 8 адам шет мемлекеттен. Нақты айтқанда, АҚШ пен Ресейден.

— Туристердің қызығушылықтарын арттыру мақсатында осы жылы келушілердің бос уақыттарын пайдалы өткізу үшін садақ ату, атпен серуендеу сынды көптеген қазақ ойындарын ұйымдастыру жоспарланған, — дейді Расул Қарабалинов.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда шекарадағы ауыл «қытай интернетін» пайдаланып отырғанын жазғанбыз.