Катонқарағайдағы Топқайың ауылының халқы әлі күнге дейін өзеннен су тасып ішуге мәжбүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Топқайың ауылы тұрғындарын толғандырған мәселелер аз емес. Соның ішіндегі ең өзектісі — ауызсудың тартылмауы.

«Бір өзеннен адам да, мал да су ішеді»
Қазір жүзге жуық түтін қалған Топқайың ауылының халқы әлі күнге дейін өзеннен су тасып ішуге мәжбүр. Себебі ауызсу тартылмаған. Елді мекенде жар дегенде жалғыз құдық бар. Кейбіреулер содан су алса, ауылдың жартысынан көбі өзен жаққа күніне шелекпен бірнеше рет сабылып жүреді.
— Осы мәселені әкімдікке талай айттық. Су тартылады деп келе жатқанына 4 жыл болды. Сенім де қалмай барады. Бұз өзеннен адам да, мал да су ішіп жүр. «Еліміз дамып келе жатыр» деп кеудемізді кергенде мықтымыз, ал ауылдағы мына жағдайды неге шешпейміз?!, — дейді тұрғындар.
Бұдан бөлек, топқайыңдықтар интернеттің жоқтығына да шағымданды. Айтуларынша, ауылға ұялы байланыс мұнарасы орнатылған.
— Десе де ұялы байланыс нашар. Ал интернет деген атымен жоқ. Осы мәселелердің қашан және қалай шешілетіндігін білгіміз келеді, — дейді ауыл халқы.
Әкімдік не дейді?
Осы ретте, Kazinform тілшісі Катонқарағай ауданының әкімдігіне ресми сауалхат жолдады. Аудан әкімінің орынбасары Расул Карабалинов өз жауабында әр мәселеге қатысты тоқталып өтті.
— Топқайың ауылындағы су құбыры желілері мен құрылыстарын қайта жаңарту мақсатында таза су резервуары мен бетонды дайындау, қабырғаларды, арқалықтарды, орнату және тұтынушыларға жеткізу жұмыстары 100% аяқталды. Құбырларды абоненттік байлау бойынша жұмыстар орындалып, барлығы 115 кран орнатылды. Сондай-ақ су қабылдағыштағы 10 құдыққа 33 сақина орнатылып, 35 дана өрт гидрантын орнату жұмыстары мәресіне жетті, — деді ол.
Расул Карабалиновтың айтуынша, Топқайың ауылындағы су құбыры желілерін іске қосу және жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың 30 маусымына дейін аяқтау жоспарланған.
— 2024 жылы елді мекен маңында тұрғындарды тұрақты ұялы байланыс сигналымен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамыз ету үшін АМС құрылысы бой көтерген болатын. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, «Кар-Тел» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Интернет желісіне арналған тиісті қондырғыларды орнату жұмыстары сәуір айында іске асырылады, — дейді Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары.
Еске салсақ, бұған дейін Катонқарағай ауданының халқы мал соятын қасапхана таппай, қиналып отырғандығы хабарланған.