Катонқарағайдағы орман өрті оқшауланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында орман өртінің таралуы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Катонқарағай ұлттық табиғи паркі Ақсу филиалының аумағында шыққан қызыл жалынның беті қайтты.

«Алдын ала дерек бойынша Катонқарағай ауданының Сенное ауылынан 3 шақырым жерде, «Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында (Усть-Язовское орманшылығы) тұтанған өрттің жалпы ауданы 15 гектарды құрады. Шөп пен бұталарды шарпыған от сағат 14.00-де оқшауланды. Өртті сөндіруге ТЖД-дан 11 адам, орман шаруашылығынан 99 адам және 3 техника, «Авиаорманқорғау» мекемесінен 6 адам және жергілікті атқарушы органнан 7 адам жұмылдырылды», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында кешеден бері орман өртеніп жатқаны жайлы жазған болатынбыз.

Елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрмағаны да хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар