Қатты жел соғады: Қазгидромет атыраулықтарға ескерту жасады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда соңғы бір аптадан бері күн райы бұзылды. Бірнеше күн жаңбыр жауып, мұнайлы шаһар көшелерін су басты. Ал, бүгін алғашқы қар жауды.

Ауа райы, жел
Фото: Видеодан алынған кадр

Бүгін, 6 қарашада Атырауда екпінді жел соғып тұр. Салқындық байқалады. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті кеше, 5 қарашада өңір тұрғындары мен қонақтарына ауа райының құбылуына байланысты ескерту берген еді. 

«Атырау облысының аумағында «Қазгидромет» РМК-ның болжамына сәйкес 6 қараша күні қатты жел соғады. Жел екпіні секундына 18-23 метрге жетеді. Осыған байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарына мүмкіндігінше үйден шықпауды, балаларды ерекше бақылауға алып, оларды қараусыз қалдырмауды, қоғамдық көлік аялдамаларында абай болуды, жарнама қалқандары мен құрылысы аяқталмаған нысандардан алшақ жүруді ескертеміз», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Сондай-ақ, 112 арнасынан мұнайлы өңірдің кей бөлігінде бұрқасын болуы мүмкін екені жөнінде хабарлама тарады. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау көшелерін су басқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар