Қатты боран салдарынан жоғалып кеткен 12 адамның үшеуі табылды - Маңғыстау облысы

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында ауа райы күрт өзгеріп, қалың қар жауып, арты қатты боранға ұласқан болатын.
Соның салдарынан қой бағып жүрген жергілікті шопандар және жолаушылар бұрқасында қалып қойып, із-түссіз жоғалып кеткен. Олардың анықталған саны - 12.
Кеше Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен құрылған іздеу тобы түнгі 01.30-да Сам ауылының маңынан қойшы Амалбек Оңдағановты тауып алды.
Ал Бейнеуден шыққан Бекібаевтар отбасы түнгі үштер шамасында Тұрыш ауылына әзер жеткен.
Табылған азаматтардың саны үшеу және барлығы аман- есен, жағдайлары қанағаттанарлық.
Ал Бейнеуден Тұрыш ауылына қарай боран соғатын күні түсте «Уаз» автокөлігімен шығып кеткен Алпысбаевтар отбасынан еш дерек жоқ. Сонымен қатар Аудан орталығынан Ноғайты елді мекеніне бағыт алған Қостымовтар да із-түссіз.
Аудан басшыларының айтуынша, олар Бейнеуден шығысқа қарай бет алған. Сам ауылының екі шопаны да оралмаған.
Кеше ауданда соққан боран секундына 10-15 метрге жеткен. 15 сағат ішінде жерге 19 мм қар түсті.
Синоптиктердің айтуынша, алдағы тәулікте де солтүстік шығыстан қатты жел тұрып, боран соғады.Тұман түсіп, жер тайғақтанады.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Бейнеуден Атырау және Ақтау бағытына шығатын жолдар жабылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті аймақтағы күн райының күрт суытуына орай барлық аудан әкімдеріне төтенше жағдайлардың алдын алуға дайын болуды ескертті.