11:48, 26 Сәуір 2021 | GMT +5
Қауіпсіз аула: Елорда полицейлері 600-ден астам құқықбұзушылық тапты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық полицейлер әр аптаның жұма және сенбі күндері «Қауіпсіз аула» жедел алдын алу шарасын өткізеді. Басты назар қоғамдық орындар мен көшелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, тұрмыстық қылмыс пен басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алуға аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін тарта отырып, мақсатты акциялар өткізіледі. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін өткен аптада «Зорлық-зомбылықсыз үй» акциясы өтті. Нәтижесінде 660-тан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 6 отбасылық басбұзар жауапқа тартылды, жалпы пайдалану орындарын ластаған 68 азамат және спирттік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 98-ден астам адам ұсталды», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз апталық брифингіде.
Бұған дейін Н. Ораз бір аптада 3055 қылмыс жасалғанын, оның 1978-і тәулік ішінде ашылғанын хабарлаған еді.