«Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасы барысында Жол қозғалысы ережесінің 48 мыңнан астам бұзушылығы анықталды
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ жол-көлік оқиғаларын азайту және оның салдарының ауыртпалығын төмендету мақсатында 2012 жылдың 24-29 қазан күндері аралығында республика аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасын өткізді.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті.
Іс-шараларға ішкі істер органдарының 8 мыңнан астам қызметкері, оның ішінде 5,5 мың жол полициясы саптық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
«Талдау көрсеткендей, елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігі жағдайын анықтайтын негізгі фактор - көлік жүргізушілерінің Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы. Олардың кінәсі бойынша 2012 жылдың басынан бастап 8,5 мың ЖКО тіркелді, бұл барлық оқиғалардың 87%-ын құрайды»,- деп атап өтті ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Берік Бисенқұлов.
Профилактикалық іс-шара өткізу кезеңінде қызметкерлер Жол қозғалысы ережелерінің 48 мыңнан астам бұзушылығының жолын кесті. Оның ішінде 1 375 көлік құралын мас күйінде басқару, 11 561 жылдамдықты асыру, 3088 басып озу ережелерін бұзу, 887 жолдың қарсы бағытына шығу ережелерін бұзу, 652 көлік құралдарының терезелерін қараңғылау, 3 336 көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, 6 908 қауіпсіздік белдіктерін тақпау, 429 апаттық жағдай жасау, 996 қозғалыс кезінде жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілеріне қатысты.
Осыған байланысты ІІМ-нің Жол полициясы комитеті көлік құралын мас күйінде басқару, жолдың қарсы бағытына шығу, жылдамдық режимін бұзу, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өтпелерінен өту ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті айтарлықтай күшейту бойынша ұсыныстар әзірледі. ЖҚЕ-ны өрескел бұзғаны үшін көлік құралын басқарудан айыру және әкімшілік қамауға алу мерзімдерін ұзарту жоспарлануда. Бұл ретте, ЖҚЕ бұзушылықтарының негізгі түрлерін құқық бұзушылықтарды техникалық құралдарымен тіркеу көмегімен анықтау жоспарланған.
«Жүргізуші бұзушылық жасағаны үшін сәйкес жазалау болатынын сезіну керек, себебі жолда әдепсіз жүру және жауапкершілікті сезінбеу салдары қайғылы оқиғаларға алып келеді», - деп Берік Бисенқұлов атап өтті.
ЖКО-ның алдын алу бойынша жұмыс жалғасуда. Осылайша, 5-11 қараша аралығында балалардың жол-көлік оқиғаларында жарақаттануының алдын алу мақсатында мектеп демалысы кезінде республика бойынша «Демалыс» алдын алу акциясы өткізіледі. Ал, 12-18 қараша аралығында «Жол қозғалысының қауіпсіздік апталығы» атты кең көлемді насихат кампаниясы өткізіледі. Ол БҰҰ Қарарына сәйкес қарашаның үшінші жексенбісінде аталып өтетін Бүкіләлемдік ЖКО құрбандарын еске алу күнінде бірқатар профилактикалық іс-шаралар өткізумен аяқталады.
«Біз ЖКО фактілерін айтып қана қоймай, олардың алдын алуға бағытталған жұмыстар атқаруымыз қажет», - деді Жол полициясы комитетінің төрағасы Берік Бисенқұлов.