Каукен Нәрікбаев Түркістан қаласының прокуроры болып тағайындалды

Түркістан облысының бас прокуроры Мұрат Тілеубердиев Түркістан қаласының активіне жаңа прокурорды таныстырды.
Кездесуде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланың құқықтық ахуалын жақсартып, заңсыздықтардың жолын кесуде әкімшілік пен прокуратура бірлесе отырып, нәтижелі жұмыстар атқарғанын атап өтті.

«Жаннұр Асқарбекұлының жетекшілігімен Түркістанда «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асты. Шиеленіс картасы әзірленіп, бекітілген алгоритмнің бұлжымай орындалуының нәтижесінде қылмыс деңгейі төмендеді. Қызметте адамгершілік деңгейді биік ұстай отырып, заң талаптарын қатаң сақтауды және қадағалауды, іскерлік пен ұйымшылдықты басты назарға қойғаны үшін қала тұрғындары атынан Жаннұр Асқарбекұлына алғысымды білдіремін! Бүгін қызметке кіріскен Каукен Бақытбайұлының құқық қорғау саласындағы кәсіптік білімі мен біліктілігі рухани астанамызды бірге дамытуда жаңа белестерге жеткізеді деп сенемін», - деді қала әкімі.
Каукен Бахтыбайұлы Нәрікбаев 1982 жылы туған.
Еңбек жолын 2005 жылдың қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған.
Әр жылдары басқарма бастығының орынбасары, Шымкент қаласы Абай ауданы прокурорының орынбасары, Отырар және Ордабасы аудандарының прокуроры қызметтерін атқарған.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс прокуроры қала прокурорына мүдделі органдармен бірлесе отырып, туындаған мәселелерді шешу туралы тапсырмалар берді.
