Қауіп сейіліп, Жалғансай ауылының тұрғындары үйлеріне оралып жатыр - Атырау облысы
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданындағы Жалғансай ауылында қауіп сейілді. Түнде Жалғансай ауылынан эвакауацияланған тұрғындар үйіне оралып жатыр.

Атырау облысының жедел штабынан хабарлағандай, қазір аталған ауылдағы ахуал тұрақтанды.
«Бүгін, 23 мамырда сағат 08:00-де Махамбет ауылындағы Д.Төленов атындағы орта мектебіне орналасқан Жалғансай ауылының 143 тұрғынын үйіне қайта көшіру жұмысы басталған. Туыстарының үйіне барған 46 адамға ауылда қауіп жоқ екені туралы хабар берілді. Тұрғындарды ауылға әкелу үшін 2 автобус, 6 ГАЗель көлігі бөлінді», - деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Қазір Жалғансай ауылында бөгетті қосымша нығайту жұмысы жүріп жатыр. Ауылдағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су баспаған. Ешкім зардап шекпеген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Махамбет ауданындағы Жалғансай ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталғанын жазған болатынбыз.
