Қауіпті маневр, заңсыз кортеж: Қызылордада 8 жүргізуші жауапқа тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегін анықтады.
Таралған бейнежазбаны зерделеу нәтижесінде заңсыз кортежге қатысқан 8 жүргізушінің кім екені нақтыланды.
- Тексеру барысында жүргізушілердің жолда қауіпті маневрлер жасап, өзге де жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіргені белгілі болды. Құқық бұзушылардың барлығы – Қызылорда қаласының 20-25 жас аралығындағы тұрғындары. Оларға маневр жасау қағидаларын бұзу, авариялық жағдай туғызу және жол қозғалысы талаптарын сақтамау деректері бойынша әкімшілік шаралар қолданылды, - деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Сот шешімімен 3 адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.
Бұған дейін Жаңақорған ауданында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневр жасаған кортеж қатысушылары анықталды.